Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиев Каспий теңізінің түбімен өтетін Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін ресми түрде іске қосты. Жаңа инфрақұрылым Азия мен Еуропа арасындағы цифрлық байланысты дамытуға бағытталған.
Ұзындығы 380 шақырым болатын байланыс желісін «Қазақтелеком» және Әзербайжанның AzerTelecom компаниясы бірлесіп жүзеге асырды.
Жоба екі мемлекет арасындағы интернет байланысының мүмкіндіктерін кеңейтіп, халықаралық деректер тасымалына жаңа бағыт ашады. Сондай-ақ бұлтты технологиялар, жасанды интеллект және деректерді өңдеу орталықтарын дамытуға ықпал етеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа инфрақұрылымның маңызына тоқталып, оны Орта дәліздің цифрлық бағыттағы дамуының маңызды кезеңі деп бағалады.
"Бұл – көлік дәлізі ғана емес, мүлдем жаңа дәуірге, цифрландыру кезеңіне тиесілі жаңалық. Бұл ынтымақтастықтың түбегейлі соны форматы, Орта дәліздің цифрлық түрінің жүзеге асырылуы десек болады", – деді Президент.
Ал "Қазақтелеком" АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин аталған бастама Қазақстанның халықаралық цифрлық инфрақұрылымдағы орнын нығайтатынын атап өтті.
"Қазақстан үшін бұл – Азия мен Еуропа арасындағы маңызды цифрлық торапқа айналу жолындағы тағы бір қадам. Жаңа бағыт халықаралық деректер транзитін дамытуға, еліміздегі Деректер орталықтары алқабын (Data Center Valley) өркендетуге және ірі технологиялық компанияларды тартуға қосымша мүмкіндіктер ашады", – деп жазды ол Instagram парақшасында.
Бағдат Мусин желіні салуға қатысқан инженерлерге, теңізшілерге, сүңгуірлерге, кабель төсеушілерге және басқа да мамандарға алғыс білдірді.
Екі ел президенттерінің кездесуінде экономикалық байланыстарды одан әрі кеңейту мәселелері де көтерілді. Қазақстан мен Әзербайжан өзара сауда көлемін 1 миллиард долларға жеткізуді көздеп отыр.
Сонымен қатар тараптар энергетика, өнеркәсіп, көлік, логистика және ауыл шаруашылығы салаларындағы ортақ жобаларды дамыту мүмкіндіктерін талқылады.
Кездесу аясында Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуға қатысты үкіметаралық келісімдер алмастырылды. Құжаттар порттар мен теміржол инфрақұрылымының өткізу қабілетін арттыруды, жүк тасымалын цифрландыруды және шекаралық рәсімдерді жеңілдетуді қарастырады.
Бұған қоса, ақпараттық жүйелерді өзара біріктіру, жүктердің қозғалысын бақылау және «бір терезе» қағидатын енгізу жоспарланып отыр.
Кездесу қорытындысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізді.