Мемлекет басшысы елдегі ауқымды өзгерістерді ескере отырып, қорғаныс саласын реформалау жөнінде ұсыныстар әзірлеп, Қауіпсіздік Кеңесінің қарауына енгізуді тапсырды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтіп, онда Қазақстан Қарулы Күштерін жаңғырту мәселелері қаралды. Жиында Әскери реформа жоспарының жобасы талқыланды, деп хабарлайды kznews.kz.
Оның айтуынша, қысқа мерзім ішінде заманауи, мобильді әрі технологиялық тұрғыдан дамыған армия қалыптастыру қажет.
Тоқаев реформаның тек қару-жарақ пен әскери техниканы жаңартумен шектелмеуі керектігін атап өтті. Өзгерістер әскерді басқару жүйесін, әскери қызметшілердің даярлығын, кадр саясатын, әскери білім беру ісін және қорғанысты жоспарлау тәсілдерін қамтуға тиіс.
«Қарулы Күштердің сапасын өзгерту міндеті қойылды. Бұл басқару жүйесіне, әскери қызметшілерді даярлауға, кадр саясатына, әскери білімге, қорғанысты жоспарлауға және технологиялық жарақтандыруға қатысты. Әскери қызметтің қауіпсіздігіне, басқару мәдениетіне, мемлекеттік ресурстарды тиімді пайдалануға ерекше назар аудару қажет. Армия мен қоғам арасындағы өзара байланысты да өзгерту керек. Бұл – кешенді реформа. Мұнда жартыкеш шешімдер қажетті нәтиже бермейді», – деді Президент.
Мемлекет басшысы әскери қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, командирлердің жауапкершілігін арттыруға және қорғаныс саласына бөлінетін ресурстарды тиімді пайдалануға да басымдық берді. Сонымен қатар армия мен қоғам арасындағы байланысты нығайту қажеттігін айтты.
Жоспарланған өзгерістер Қазақстан Қарулы Күштерінің басқару сапасын арттыруға, әскери даярлықты жетілдіруге және елдің қорғаныс қабілетін күшейтуге бағытталған. Реформаның нақты шаралары Әскери реформа жоспарының жобасын одан әрі қарау барысында айқындалмақ.