Қазақмыс өндірістік нысандарды жаңарту жөніндегі ауқымды бағдарламасы аясында Жезқазған мыс балқыту зауытындағы (ЖМЗ) №1 үш секциялы желдеткішті салқындатқыш мұнараны күрделі жөндеуге кірісті. Жобаның құны – 921,8 млн теңге.
Салқындатқыш мұнара күкірт қышқылы цехының негізгі агрегаттарына қажетті технологиялық суды салқындатады. Нысан 1971 жылы пайдалануға берілген. 2021 жылы өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасының қорытындысы бойынша нысан пайдалануға жарамсыз деп танылды. 2024 жылы құрылыс және металл құрылымдарының бір бөлігі құлағаннан кейін нысанға кіруге тыйым салынды, деп хабарлайды kznews.kz
2026 жылы Қазақмыстың жаңа басқарушы командасы салқындатқыш мұнараны кешенді түрде қалпына келтіру туралы шешім қабылдады. Жұмыс нысанды қайта іске қосып, салқындату жүйесінің сенімділігін арттыруға және күкірт қышқылы өндірісіндегі инфрақұрылымдық тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда зақымдалып, тозған құрылымдарды алып тастау жұмысы аяқталуға жақын қалды, аумақ толық тазартылды. Мамандар салқындатқыш мұнара бассейнін қалпына келтіруге кірісті: бетон негізі нығайтылып, жарылған жерлері жөнделді, гидрооқшаулау жұмысы жүргізілуде.
Келесі кезеңде жаңа тірек қаңқасы, заманауи тамшылы бүріккіштер, су ұстағыш және желдеткіш қондырғы орнатылады. Металл құрылымдар коррозияға қарсы құраммен өңделеді. Жұмысты 150 күнтізбелік күн ішінде толық аяқтау көзделген.
Күрделі жөндеу аяқталғаннан кейін №1 салқындатқыш мұнара ЖМЗ-ның күкірт қышқылы өндірісіне қажетті технологиялық суды салқындатады. Бұл жабдықтың сенімділігін арттырып, технологиялық үдерістің тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
Салқындатқыш мұнараны қалпына келтіру – Қазақмыстың жаңа басқарушы командасының 2026 жылы жүзеге асырып жатқан өндірістік инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі ауқымды бағдарламасының бір бөлігі. Бағдарламаның негізгі мақсаты – өндірістік нысандардың сенімділігін арттыру, инфрақұрылымдық тәуекелдерді азайту және еңбек жағдайын қауіпсіз ету.