KZNEWS.KZ
Жаңалықтар

Қазақ анимациясының дамуына үлес қосқан белгілі суретші өмірден өтті

• Қайсар Қанат

Қаралы хабарды Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясы мен «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі жеткізді. Ұйым өкілдері марқұмның отбасы мен жақындарына, әріптестеріне көңіл айтты.

Алтынбек Өмірзақов саналы ғұмырын ұлттық анимация өнерінің дамуына арнаған. Ол қазақ мультипликациясының қалыптасу кезеңінен бастап осы салада еңбек етіп, отандық анимация мектебінің өркендеуіне үлес қосты.

Суретші шығармашылық қызметімен қатар ұстаздықты да қатар алып жүрген. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының колледжінде ұзақ жылдар сабақ беріп, болашақ аниматорларды тәрбиеледі.

Ол шәкірттеріне ұлттық анимацияның ерекшеліктерін үйретіп, Әмен Қайдаров қалыптастырған шығармашылық дәстүрдің жалғасуына еңбек сіңірді.

«Қазақфильм» мен «Қазақанимация» өкілдері Алтынбек Өмірзақовтың өнерге қосқан үлесі мен ұстаздық еңбегі қазақ анимациясының тарихында сақталатынын атап өтті.

Қайсар Қанат
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →