Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданындағы №27 өрт сөндіру бөлімінде болған қылмысқа қатысты тергеу аяқталып, іс сотқа жолданды. Бұл туралы ШҚО полиция департаменті хабарлады, деп хабарлайды kznews.kz.
Марқұмның жұбайы Меруерт Қайратқызының айтуынша, оның күйеуі Ескендір Тілек өрт сөндіру бөлімінің аумағында пышақ жарақатын алған.
Оның сөзінше, болған жағдайды ол 7 қаңтар күні таңертең ғана білген. Жараланған ер адамды әріптестері полиция мен жедел жәрдем шақырмай, өздері ауруханаға жеткізген.
Марқұмның отбасы оқиғаның толық әрі әділ тергелуін талап етіп отыр.
«Катонқарағай аудандық ауруханасының қабылдау бөліміне күйеуімді жедел жәрдем шақырмай, өрт сөндірушілердің өздері жеткізіпті. Жедел жәрдем қызметі шақырылған жағдайда, қажетті алғашқы медициналық көмекті дер кезінде көрсетер еді.
Жауап алу хаттамаларынан жарақаттың нақты қай жерде болғаны маған түсініксіз. Оқиға орнының сызбасы, GPS-координаттары бар ма? Өрт сөндіру бөлімінде бейнебақылау камералары қай жерде орналасқан? Бейнебақылауға кім жауапты?», – деп жазды Меруерт Қайратқызы Threads әлеуметтік желісінде.
Полицияның мәліметінше, күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталған.
"Іс “Денсаулыққа ауыр зиян келтіру, абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соғу” бабы бойынша жүргізілді. Қазіргі уақытта қылмыстық іс Катонқарағай аудандық сотына жолданды", – деп хабарлады полиция департаменті.