Қоғам

Кассадан тыс қаржы: Жүк ресми вагонмен емес, жеке көлікпен жөнелтілген

Кассадан тыс қаржы: Жүк ресми вагонмен емес, жеке көлікпен жөнелтілген
Фото иллюстрация: kznews

Тергеу қорытындысымен багаж бөлімшесінің бір жүк тиеушісі «сенімнен шығуына» байланысты жұмыстан босатылды. Компания бұл жағдай үшін кешірім сұрап, жүк қабылдау-тапсыру процестеріне бақылауды күшейтетінін хабарлады.

Қоғам белсендісі Санжар Боқаев Алматы стансасындағы багаж бөлімшесінде «қолма-қол» не банк қосымшасы арқылы жеке шоттарға төлем жасатып, ресми тарифтен жоғары ақша алынып, жүктердің бір бөлігі кассадан тыс жүретіні туралы видеоматериал жариялады.

Ол 65 кг жүкке 140 тг/кг төлемді жеке нөмірге аудартқанын, ал ресми тариф 114 тг/кг екенін көрсеткен.

Ішкі тексеріс компанияға тікелей қатысы жоқ Еркін Ж. есімді тұлға өзін багаж бөлімшесі қызметкері ретінде таныстырып, жөнелтушіден жүктi ресми рәсімдемей қабылдап алғанын анықтады. Ол жауапты қызметкерлер болмаған сәтте бөлімше аумағына заңсыз кіріп, бөлімнің таразыларымен салмақ өлшеп, жүктi вагон арқылы емес, жеке жүк көлігімен жөнелткен.

Төлем екінші деңгейлі банк қосымшасы арқылы сол күні демалыста болған багаж бөлімшесінің жүк тиеушісі Қалыбек Ж. нөміріне аударылған. Компания екі адамның тегі ұқсас екенін, туыстық байланыс болуы мүмкін екенін атап өтеді.

Ішкі тәртіптік комиссия шешімімен Қалыбек Ж.-мен еңбек шарты бұзылды.

Компания ресми өтінішінде көпшілікке кешірім білдіріп, багажды қабылдау мен тапсырудың ішкі регламентіне қосымша бақылау орнатылатынын мәлімдеді.

Бұған дейін Санжар Боқаев ұлттық компанияларда жүйелі жемқорлық тәуекелі барын айтып, багаж бөлімшелеріндегі «саңылаулар» арқылы жылына жүздеген миллион теңге жоғалуы мүмкін екенін айтып жүрген болатын.

Десе де ҚТЖ бұрын да багаж тәртібін қатаңдатуға уәде берген. Биылғы қаңтарда тексеріс кезінде ресми рәсімделмеген 108 кг багаж анықталып, кінәлілерге шара қолданылған еді.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz