3 қазанда Ақжол Темерхан, ал 4 қазанда Бекет Мырзағалиев пен Никита Удалов мерзімді әскери қызметін аяқтап, отбасыларына оралған.
Батыс Қазақстан облысының тумасы Никита Удалов Ақтау қаласындағы №29011 әскери бөлімінде қызмет еткен. Ол бөлімде санитарлық нұсқаушы міндетін атқарған.
Ал Бекет Мырзағалиев елге оралғаннан кейін әлеуметтік желідегі парақшасында Каспийдегі оқиға кезінде қаза тапқан қаруластарының жақындарына көңіл айтты.
“Қаза тапқан қарулас бауырларымның отбасыларына, туған-туыстарына шын жүректен көңіл айтамын. Бірге қызмет еткен, бір сапта жүрген жігіттерден айырылу — жүрекке ауыр соққы. Мен аман қалғаныммен, сол күнгі қайғы мен қасірет жүрегімде мәңгі қалады. Қасымда болуы тиіс бауырларымның енді арамызда жоқтығы жанымды ауыртады. Жігіттерімнің жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Алла алдынан жарылқап, жандарын жәннаттан етсін. Артында қалған отбасыларына сабыр мен төзім берсін”, – деп жазды Бекет.
Сарбаз қаза тапқан жолдастарын ешқашан ұмытпайтынын да жеткізді.
“Олар – біздің қаруластарымыз, бауырларымыз. Ерліктері мен жарқын бейнелері жүрегімізде мәңгі сақталады. Жандары жәннатта болсын, бауырларым! Барша біз үшін уайымдап,дұғада болған қазақ елі сіздерге Алла разы болсын”, – делінген жазбада.
Каспийдегі оқиғадан аман қалған үш сарбаз осылайша әскери қызметін аяқтап, отбасыларымен қауышты.