Өңір әкімдігінің мәліметінше, Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқаратын Үкіметтік комиссия оқиға орнында жұмысын жалғастырып жатыр.
Соңғы нақтыланған ақпарат бойынша, оқу-жаттығу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюінен 17 әскери қызметші суға кеткен.
"Оқиға орнында жұмылдырылған мемлекеттік органдардың іс-қимылы және іздестіру-құтқару жұмыстары үйлестірілуде. Қазіргі таңда негізгі міндет – орналасқан жері анықталмаған екі әскери қызметшіні іздестіру.
Нақтыланған мәліметке сәйкес, оқу-жаттығу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюіне байланысты 17 адам суға кеткен. Оның 12-сі қаза тауып, үш әскери қызметші құтқарылды. Қалған екі әскери қызметшіні іздестіру жұмыстары жалғасуда", – делінген хабарламада.
Осылайша, 12 әскери қызметшінің қаза тапқаны расталды, үш адам құтқарылды. Тағы екі әскери қызметшінің орналасқан жері әзірге белгісіз.
Қанат Бозымбаев жоғалған әскери қызметшілерді іздеуге барлық қажетті күш пен құралды жұмылдырып, жұмыстарды тәулік бойы үздіксіз жүргізуді тапсырды.
"Қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына қажетті материалдық және өзге де көмек көрсету тапсырылды.
Уәкілетті органдар оқиғаның барлық мән-жайын анықтау бойынша жұмыс жүргізуде.
Комиссияның жұмысы мен оқиға орнындағы іздестіру-құтқару іс-шаралары жалғасып жатыр", – деп хабарлады өңірлік әкімдіктің баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау және іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.