KZNEWS.KZ
Жаңалықтар

Каспийде аман қалған сарбаздың анасы жан сырын ақтарды

• Қайсар Қанат
Фото: ашық дереккөз

Самал Кеуелованың айтуынша, алғашында теңіздегі оқиғаның қай әскери бөлімге қатысты екенін білмеген. Алайда кейін қайғылы жағдай ұлы қызмет ететін бөлімде болғанын естігенде, қатты алаңдап, Ақтауға жол тартқан.

"Сол күнгі оқиға мені сындырды… Өмірде талай қиындыққа мойымайтын, бәріне шыдап үйренген мен де сындым… Жанымның қаншалықты ауырғанын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Кейбір сәттерді есіме түсіре алмай қалдым. Бұрын басымда екі-үш тал ғана ақ шашым бар еді. Сол бір сағаттың ішінде шашым ағарып, өзімді он жылға қартайып кеткендей сезіндім", – деп жазды ол.

Сарбаздың анасы Жаңаөзеннен Ақтауға жеткенше уақыт өтпей қойғандай сезінгенін жеткізді. Баласының аман-есен екені туралы нақты мәлімет болмағандықтан, жақындары жол бойы Жаратқаннан тек жақсы хабар тілеген.

"Балам солардың ішінде бар ма? Аман ба? Не болды екен?” деген мың сан сұрақ жанымды жегідей жеді. Тек Алладан тіледік… "Я, Алла, баламды аман сақтай гөр! Баламды маған қайтаршы!" деп жалбарындық", – дейді Самал Кеуелова.

Оның сөзінше, сол күні телефон арқылы күйеуінің жылаған дауысын естуі жағдайды одан сайын ауырлатқан. Ал Ақтауға жақындағанда WhatsApp арқылы келген хабар ұлының амандығына деген үмітін оятқан.

"Сол сәтте уақыт тоқтап қалғандай болды… Бауырыма айқайлап: "Қатты айдашы! Тезірек жетейікші! Штрафын өзім төлеймін!" – деп жалына айқайладым. Сол сәтте мен үшін жол ережесі де, айыппұл да, басқа ештеңе де маңызды емес еді. Тек балама тезірек жетсем екен, аман екенін өз көзіммен көрсем екен деген бір ғана тілек болды", – деп еске алды ол.

Самал Кеуелова ұлының аман қалғанына шүкіршілік етіп, ешбір ата-ананың мұндай ауыр сынақты бастан өткермеуін тіледі.

"Ана жүрегі баласына бірдеңе болғанын сезсе, бүкіл әлем тоқтап қалғандай болады екен… Баламның амандығын білмей өткен сол бір сағат мен үшін ғасырға татиды…

Әй, Алла… Баламен сынамашы… Ананың жүрегіне көтере алмайтын қайғыны салмашы… Балаларымыз аман болсыншы… Аналардың көз жасы қуаныштан ғана ақсыншы… Ешбір ата-ана перзентінің тағдыры үшін осылай жанын шүберекке түймесінші… Баламның амандығы үшін мың шүкір, Аллам!" – деп жазды сарбаздың анасы.

Қайсар Қанат
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →