KZNEWS.KZ
Экономика

Қарыз бен пайыз: борышты өтеуге қанша бюджет жұмсалады?

Фото: ашық дереккөздерден

ЭЫДҰ жариялаған 2025 жылғы деректерге сәйкес, Қазақстандағы таза пайыздық шығыстар мемлекеттік бюджет шығыстарының 11,1 пайызын, ал жалпы ішкі өнімнің 3,8 пайызын құраған. Бұл ЭЫДҰ елдеріндегі орташа көрсеткіш - 4,9 пайыздан едәуір жоғары болып отыр. Салыстыру үшін, АҚШ-та таза пайыздық шығыстар мемлекеттік шығыстардың 10,7 пайызын, Италияда 10,1 пайызын, Грекияда 9,6 пайызын, Бразилияда 9,5 пайызын құраған. Ал Қазақстанның мемлекеттік борышы шамамен ЖІӨ-нің 22 пайызына тең.

Бұл жағдайда қарыздың көлемімен қатар, оған қызмет көрсету құны мен қарыз портфелінің құрылымы маңызды екен. Пайыздық төлемдер өскен сайын бюджет шығыстарының белгілі бір бөлігі кредиторларға бағытталады. Бұл өз кезегінде білім беру, денсаулық сақтау, инфрақұрылым және басқа да мемлекеттік бағдарламаларға жұмсалатын қаражатқа қысым түсіруі мүмкін.

Дегенмен, таза пайыздық шығыстардың жоғары болуы өздігінен мемлекеттік қарызды басқару тиімсіз дегенді білдірмейді. Бұл көрсеткішке қарыздың валюталық және мерзімдік құрылымы, пайыздық мөлшерлемелер, қайта қаржыландыру шарттары, сондай-ақ мемлекеттің пайыздық кірістері әсер етеді.

Сондықтан еліміз үшін мәселе мемлекеттік борыштың көлемімен ғана шектелмейді. Қарызға қызмет көрсету құнын төмендету, оның құрылымын оңтайландыру және бюджетке түсетін пайыздық жүктемені басқару да маңызды.

Қалмаханбет Мұқаметқали
Журналист-экономист. Журналистика саласында 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.
Автордың басқа материалдары →