KZNEWS.KZ
Жаңалықтар

Картаңызға бейтаныс адам ақша аударса, не істеу керек - маман кеңесі

• Азамат Қойшығара
Фото: Freepik

Заңгер Дайана Дүйсенбекова мұндай жағдайда қалай әрекет ету керегін түсіндірді, деп хабарлайды kznews.kz

Маманның айтуынша, ең алдымен түскен ақшаны жұмсамау, қолма-қол шешіп алмау және басқа шотқа аудармау қажет.

– Сіз бұл ақшаның қайдан келгенін және шынымен қателесіп жіберілгенін өз бетіңізше анықтай алмайсыз. Кейде бұл алаяқтық схеманың бір бөлігі болуы мүмкін. Алаяқтар ұрланған ақшаны «жылыстату» үшін қарапайым азаматтардың шоттарын пайдаланып, ізін жасыруға тырысады, – дейді заңгер.

Осындай алаяқтық тәсілдерінің бірі – «Үшбұрыш» схемасы. Мәселен, алаяқ әлеуметтік желіде жалған интернет-дүкен ашып, жоқ тауарды сатуға қояды. Сатып алушыға төлем жасау үшін бөтен адамның, яғни сіздің картаңыздың деректемесін беруі мүмкін.

Сатып алушы ақшаны сізге аударғаннан кейін алаяқ хабарласып, «ақшаны қателесіп жібердім» деп, қаражатты басқа картаға қайтаруды сұрайды. Егер сіз оның айтқан шотына ақша аударсаңыз, кейін тауарын алмаған нақты сатып алушы ақшаны сізден талап етуі ықтимал. Өйткені төлем сіздің шотыңызға түскен.

Заңгер мұндай жағдайда адамның өзі байқамай дропперлік схемаға араласып кетуі мүмкін екенін ескертеді.

Қазақстанның Қылмыстық кодексінде дропперлік үшін жауапкершілік қарастырылған. Қылмыстың ауырлығына қарай айыппұлдан бастап, мүлікті тәркілеу және жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделуі мүмкін.

Сонымен қатар бөтен адамның ақшасын өзіңізде қалдыруға немесе жұмсап жіберуге де болмайды. Азаматтық кодекстің 953-бабына сәйкес, басқа адамның есебінен негізсіз алынған ақша немесе мүлік иесіне қайтарылуға тиіс. Ақша иесі сотқа жүгінген жағдайда қаражатпен бірге сот шығындары мен заңгер қызметінің ақысын өтеу мәселесі де туындауы мүмкін.

Сондықтан картаға белгісіз адамнан ақша түскен жағдайда ең қауіпсіз жол – банкке хабарласу.

– Біреу аударған қаражатты жұмсамаңыз, қолма-қол ақшаға айналдырмаңыз және басқа шоттарға аудармаңыз. Кей банктердің қосымшасында қате аударымды қайтаруға арналған арнайы функция бар. Ақшаны талап еткен адамға сол функцияны пайдалануды ұсыныңыз. Мұндай мүмкіндік болмаса, банктің қолдау қызметіне хабарласып, белгісіз төлем түскенін мәлімдеу керек, – деді Дайана Дүйсенбекова.

Ең бастысы, сізге хабарласқан адамның айтқан басқа карта нөміріне ақшаны өз бетіңізше аудармау. Қаражатты қайтару мәселесін банк арқылы шешкен дұрыс.

Азамат Қойшығара
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ түлегі. Журналистика саласында 16 жылдан бері еңбек етіп келеді. Аймақтық, салалық, республикалық басылымдарда, интернет-порталдарда т...
Автордың басқа материалдары →