KZNEWS.KZ
Қоғам

Қарағайлыда 40 жылға жуық үзілістен кейін жаңа ағаштар отырғызылды

Айгерім Асылова
фото: Қазақмыс

Қарағайлы кентінде «Жасыл ойындар» экологиялық акциясы аясында аумақтарды көгалдандыру жұмысы басталды. Жоба Қарағайлы байыту фабрикасы жұмыскерлерінің бастамасымен қолға алынып, Қазақмыс басшылығы тарапынан қолдау тапты. Бастама аумақты абаттандыру және көгалдандыруға бағытталған жалпыұлттық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының міндетіне сәйкес келеді, деп хабарлайды kznews.kz

Көгалдандыру және абаттандыру жұмысына Қарағайлы байыту фабрикасының жұмыскерлері, әкімдік өкілдері, жергілікті тұрғындар мен мердігер ұйымның мамандары қатысты.

Барлығы 400 көшет отырғызылды: оның 300-і Қарағайлы кентінде, 100-і фабрика аумағына отырғызылды. Көгалдандыру жұмысына үйеңкі, қайың, бөртегүл, көктерек, мойыл, шетен және бөріқарақат көшеттері пайдаланылды.

Кент аумағындағы жұмыс төрт жерде жүргізілуде: Мәдениет үйінің маңында, Қарағайлының кіреберісінде, 18-орамда және мешіт маңында. Ағаш отырғызумен қатар, қоршау орнату және көшетті суару үшін су құбырын тарту жұмысы да орындалады.

Қарағайлы тұрғындары үшін бұл – ерекше маңызды жоба. Олардың айтуынша, өңірде соңғы 40 жылға жуық уақыт жаңа ағаш отырғызылмаған. Қазір кентте жаңа жасыл аймақ қалыптасып жатыр. Алдағы уақытта оларды күтіп баптау үшін жергілікті әкімдіктің балансына беру жоспарлануда.

Жобаның жүзеге асуы жұмыскерлердің ұсыныстары қолдауға ие болып, жергілікті жерлердегі нақты өзгерістердің бір бөлігіне айналып жатқанын көрсетеді. Қазақмыс үшін еңбек ұжымымен тікелей диалог орнату кәсіпорындар мен компания жұмыс істейтін өңірлердің дамуына қатысты мәселелерді шешудің маңызды құралы болып қала береді.

Компанияға қатысы бар басқа өңірлерде де көгалдандыру жұмысы жүріп жатыр. Ұлытау облысында қоршаған ортаға әсерді барынша азайтуға бағытталған өтемдік шара аясында 5 мың түп ағаш отырғызу жоспарланған. Жұмыс Жезқазған – Сәтбаев автожолының бойында және Батыс тұрғын ауданындағы қорғаныш орман белдеуі аумағында жүргізіледі.

Көгалдандыру жұмысы – «Қазақмыс» компаниясының жұмыс істейтін өңірлерді абаттандыруға бағытталған жүйелі жұмысының бір бөлігі. Жаңа жасыл аймақтар шаң-тозаңды азайтып, микроклиматты жақсартуға және тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға ықпал етеді.

Айгерім Асылова
Айгерім Асылова – Kznews.kz сайтының тілшісі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі, республикалық порталдарда жұмыс тәжірибесі бар журналист.
Автордың басқа материалдары →