KZNews.kz
Әлеумет

Қандастардың Моңғолиядағы еңбек өтілі Қазақстанда зейнетақы тағайындау кезінде есепке алынады

Жарқын Омаров
Фото: senate.parlam.kz

Қазақстан мен Моңғолия зейнетақы тағайындау кезінде еңбек өтілін өзара есепке алу жөнінде келісімге келді, деп хабарлайды kznews.kz.

Сенат Қазақстан Үкіметі мен Моңғолия Үкіметі арасындағы зейнетақы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау жөніндегі заңды қарады. Кеңейтілген отырыстың қорытындысы бойынша комитет құжатты мақұлдауды ұсынды. Аталған келісімге 2024 жылғы 29 қазанда Ұлан-Батор қаласында қол қойылған.

Құжат екі ел азаматтарының зейнетақы құқықтарын қорғауға бағытталған. Келісімге сәйкес, зейнетақы тағайындау кезінде еңбек қызметі, әскери қызмет және жоғары әрі орта арнаулы оқу орындарында оқыған кезеңдер өзара есепке алынады. Сондай-ақ еңбек өтілін растау тәртібі айқындалған.

Бұдан бөлек, келісімде Қазақстаннан зейнетақының жинақтаушы бөлігін экспорттау тетігі қарастырылған.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегайдың айтуынша, қандастарға төленетін зейнетақы Қазақстан азаматтығын алғанға дейін жалғаса береді. Оның сөзінше, тұрақты тұру мәртебесі бар қандастарға, сондай-ақ зейнетақысы бұрын тағайындалған азаматтарға (оның ішінде жеңілдікті зейнетақы алғандарға) төлемдер азаматтығына қарамастан жүзеге асырылады.

Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс Қазақстан мен Моңғолия арасындағы зейнетақы саласындағы келісімді ратификациялауды қолдаған болатын.

Жарқын Омаров
Автордың басқа материалдары