Қырғызстанның Бішкек қаласында кәмелетке толмаған сегіз жасөспірім іздестіріліп жатыр. Олардың бір бөлігі «Ак-Ниет» орталығынан шығып кеткен, енді бірі үйінен, мектептен кетіп, қайта оралмаған, деп хабарлайды Kznews.kz.
Mes.kg редакциясы айтуынша, қаңтар және ақпан айларында әртүрлі күндері бірнеше жасөспірім үйінен және «Ак-Ниет» орталығынан шығып кеткеннен кейін байланыс үзілген. Кейбірін соңғы рет №72 мектеп маңынан және «Джал» тұрғын алабынан көргендер болған.
Құқық қорғаушылар қала тұрғындарын бейжай қалмауға шақырады. Кез келген ұсақ-түйек деректің өзі іздеуге көмектесуі мүмкін. Егер жоғалғандардың бірін көрсеңіз немесе олардың қайда болуы ықтимал екенін білсеңіз, милицияға шұғыл түрде хабарласу қажет.
Жоғалғандар кімдер:
20 қаңтар күні Ленин РУВД-ға К.Ж. есімді азамат арызданған. Оның айтуынша, сағат 14:00 шамасында «Ак-Ниет» орталығының тәрбиеленушісі, 2010 жылы туған Лилия Толомушова «Джал» тұрғын алабындағы №72 орта мектептен шыққаннан кейін қайта оралмаған. Бойы 165–170 см, шашы ұзын, қара, дене бітімі орташа. Жоғалған күні түгелдей қара түсті киінген: күртеше, шалбар, спорттық аяқ киім, сондай-ақ қара сөмкесі болған.
12 ақпан күні сағат 19:30 шамасында дәл осы «Ак-Ниет» орталығынан 2010 жылы туған Билал Махмадалиевич Мусурманкулов шығып, қайта келмеген. Бойы 170–175 см, дене бітімі орташа, шашы қара. Бұл бойынша Ленин РУВД-ға Н.Ж. есімді азамат арыз түсірген.
13 ақпан күні тәрбиеші 2011 жылы туған Нурболот Улукбекович Замирбековтің жоғалғанын хабарлаған. Жасөспірім «Ак-Ниет» орталығынан шамамен 18:00-де шыққан. Милиция дерегінше, ол бұған дейін де бірнеше рет қашып кетіп, талай мәрте жоғалғандар қатарында тіркелген.
17 ақпан күні ГОМ №2 кезекші бөліміне сағат 11:00 шамасында 2011 жылы туған Кристина Михайловна Суханованың қашып кеткені туралы ақпарат түскен. Ол да «Ак-Ниет» орталығында тұрған. Мекенжайы: Курчатов көшесі, 70.
18 ақпан күні сағат 18:30 шамасында орталықтың тағы бір тәрбиеленушісі — 2011 жылы туған Ислам Токтогулов жоғалған. Бұл бойынша С.М. есімді азамат арыз берген.
19 ақпан күні орталық тәрбиешісі К.Ж. 2009 жылы туған Айданек Дуйшееваның жоғалғанын мәлімдеген. Қыз сағат 14:00 шамасында №72 мектептен шыққаннан кейін хабар-ошарсыз кеткен.
Бішкектің басқа аудандарында жоғалғандар
11 қаңтар күні Первомай РУВД-ға Т.Г. есімді азамат жүгінген. Ол 9 қаңтар күні шамамен 11:00-де 2008 жылы туған қызы Мадина Тагаева «Калыс-Ордо» жаңа қонысындағы үйінен шығып, қайта оралмағанын айтқан. Бойы 155–160 см, шашы ұзын, қара, дене бітімі орташа. Милицияның мәліметінше, ол парик киюі мүмкін. Жоғалған күні қара былғары күртеше, қара шалбар және ақ спорттық аяқ киім киген.
25 қаңтар күні Октябрь РУВД-ның тергеу қызметіне С.Э. есімді азаматшадан жазбаша арыз түскен. Ол 2008 жылы туған қызы Чолпонай Эрнисовна Калмаматованың жоғалғанын хабарлаған. Анасының айтуынша, қыз 16 қаңтар күні шамамен 17:00-де Бішкектің 11-шағын ауданындағы үйінен шығып кеткен соң қайта келмеген. Киім үлгісі: қысқа ақ тон және қара-жасыл түсті джинсы.
Ақпаратты қайда хабарлау керек
Егер жасөспірімдердің жүрген жері туралы қандай да бір мәлімет білсеңіз, дереу милицияға хабарлаңыз. 102 нөміріне тәулік бойы қоңырау шалуға болады. Сондай-ақ мына байланыс нөмірлері көрсетілген:
+996 224 214 346
+996 706 575 793
+996 702 519 806
+996 550 102 238
Құқық қорғау органдарының айтуынша, тіпті болмашы ақпараттың өзі іздеу жұмысына үлкен көмек болуы мүмкін.