Шымкент қаласында 17 жастағы студент қыз зорлық-зомбылықтың құрбаны болғанын хабарлап, кінәлілерді жауапқа тартуды сұрап отыр. Оның сөзінше, белгісіз ер адамдар қызды көше бойынан ұрлап кеткен. Кейін үйге әкеліп, алдынан бір жігіттің отбасы тойлап, күтіп алған. Ақпаратты жергілікті блогер Асхат Балқыбаев жариялады, деп хабарлайды kznews.kz.
Видеодағы қыз үй үлкендерінің "қазақтың дәстүрі" деген желеумен жыныстық қатынасқа мәжбүрлегенін, зорлықтың құрбаны болғанын айтты. Ол кейін үйіне қашып кеткен, қазір ата-анасының жанында. Алайда зорлықшылардың әлі күнге дейін жауапқа тартылмағанын мәлімдеп, тиісті шара қолдануды талап етіп отыр.
Шымкент қаласының полиция департаменті қыздың арызы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
"Іске қатысы бар барлық тұлға полиция басқармасына жеткізілді. Істің барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу шаралары кешені жүргізіліп жатыр. Тергеу аяқталғаннан кейін процессуалдық шешім қабылданады. Полиция кез келген құқықбұзушылыққа нөлдік төзімділік қағидатын ұстанатынын ескертеді. Заң талаптарын бұзған тұлғалар қолданыстағы заңнамаға сәйкес міндетті түрде жауапкершілікке тартылады", – делінген хабарламада.