Астана қаласында соңғы бірнеше жылда жүзеге асырылып келе жатқан «JOLTAP» әлеуметтік жобасы мыңдаған тұрғынды жұмыспен қамту және қысқа мерзімді оқыту арқылы қолдап келеді. Бүгінде жоба тұрақты нәтиже көрсетіп, халықаралық деңгейде де қызығушылық тудырып отыр, деп хабарлайды kznews.kz.
Жоба 2023 жылдан бері іске асырылып келеді. Оның негізгі мақсаты – азаматтардың табысын арттыру үшін қысқа мерзімде жаңа мамандық меңгеруге мүмкіндік беру және еңбек нарығына жол ашу. Бағдарламаның ерекшелігі – теориядан гөрі тәжірибеге басымдық беру арқылы қатысушыларды нақты жұмысқа бейімдеу.
«JOLTAP» Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында жүзеге асырылып, елордада табыс табуға бағытталған тиімді жұмыспен қамту жүйесін қалыптастыруда. Жоба «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» қағидаттарына негізделген. Инициативаны Астана қаласының әкімдігі «Жаңа мүмкіндік» қорымен бірлесіп іске асыруда.
Қала тұрғындары үшін 18 бағыт бойынша оқу курстары ұсынылады. Оның 12-сі жұмысшы мамандықтарына, ал 6-ы цифрлық бағыттарға арналған. Атап айтқанда, наубайшы, электргаздәнекерлеуші, электрмонтажшы, тігінші секілді мамандықтармен қатар жасанды интеллект негіздері мен жарнамалық видео жасау бойынша курстар бар.
Оқу мерзімі 5 пен 22 күн аралығында. Барлық сабақтар арнайы жабдықталған шеберханаларда өтіп, қатысушыларға қажетті материалдар тегін беріледі. Бағдарламалар жұмыс берушілердің сұранысына сай әзірленген және жергілікті бизнеспен бірлесіп жасалған. Бұл өз кезегінде түлектердің еңбек нарығына тез бейімделуіне мүмкіндік береді.
Соңғы 2,5 жылда жоба аясында 18,8 мыңнан астам адам білім алып, олардың 10 мыңнан астамы жұмысқа орналасқан. Бүгінде елордадағы өндірістік және индустриялық сектордағы кадр тапшылығы едәуір деңгейде осы жоба түлектері арқылы толықтырылып отыр.
Сонымен қатар, шамамен 1,5 мың түлек өз кәсібін ашқан. Олардың қатарында тігін ательелері, аяқ киім жөндеу шеберханалары, шағын кофеханалар, дүкендер мен автосервистер бар. Бұл тек жеке табыстың артуына емес, жаңа жұмыс орындарының ашылуына да ықпал етуде.
Цифрлық бағыттағы курстарға сұраныс ерекше жоғары. Әсіресе, «Бизнеске арналған жасанды интеллект» және «Жарнамалық видеоларға арналған нейрожелілер» бағыттары тұрғындар арасында кең қызығушылық тудырып отыр. Бұл – цифрлық технологиялардың экономикадағы рөлінің артып келе жатқанын көрсетеді.
Жоба түлектерін жұмыспен қамтуға да ерекше мән береді. JUMYSTAP.KZ платформасында бүгінде 4 мыңнан астам жұмыс беруші тіркеліп, 5 мыңнан аса бос жұмыс орны ұсынылған.
Оқуды аяқтаған азаматтар арнайы кәсіби қауымдастықтарға қосылып, өзара тәжірибе алмасып, бірлескен тапсырыстар орындауға мүмкіндік алады.
«JOLTAP» жобасына шетелдік тараптардың да қызығушылығы артып келеді. Түркия мен Өзбекстаннан келген делегациялар жобамен танысып, оның тиімділігін жоғары бағалаған. Халықаралық сарапшылар жобаның практикалық бағытын, ұйымдастыру деңгейін және қысқа мерзімде нақты дағды қалыптастыру мүмкіндігін ерекше атап өтті.
Жобаға кез келген қала тұрғыны қатыса алады. Сондай-ақ кеңес беру нүктелері арқылы жұмысқа орналасу бойынша көмек алу мүмкіндігі қарастырылған.