Италияның оңтүстігіндегі Бриатико қаласында қазақстандық студент Нұрдәулет Машариповтің мәйіті жағалаудағы жартастар арасынан табылды. Алдын ала мәлімет бойынша, ол теңізге батып, жазатайым оқиға салдарынан көз жұмған, деп хабарлайды kznews.kz.
Қайғылы хабарды әлеуметтік желіде оның танысы Дінмұхаммед Мұхтаров жеткізді. Оның айтуынша, Нұрдәулет Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі болған және кейін Италиядағы жоғары оқу орындарының бірінде білімін жалғастырған.
Марқұмның жақындарының мәліметінше, қазіргі уақытта оның денесін Қазақстанға жеткізу жұмыстары ұйымдастырылып жатыр. Алайда шетелден мәйітті елге тасымалдау қомақты қаражатты қажет етеді.
«Орал қаласындағы НЗМ түлегі әрі шәкірті Машарипов Нұрдәулеттің Италияда қайғылы жағдайда өмірден өткенін өкінішпен хабарлаймыз. Қазіргі таңда оның денесін туған жеріне жеткізу үшін қаржы жиналып жатыр. Жалпы шығын көлемі шамамен 8 мың еуроны құрайды», – деп жазды Дінмұхаммед Мұхтаров.
Желі қолданушылары мен марқұмның таныстары отбасы мен жақындарына көңіл айтып, қолдау білдіруде. Қайғылы жағдайдың нақты мән-жайы әзірге жарияланған жоқ.