KZNews.kz
Техно

Ішінде Қазақстан да бар — Apple мен Google жаппай хабарлама жіберіп жатыр

Қайсар Қанат
Фото: Коллаж kznews.kz

Apple мен Google компаниялары бүкіл әлем бойынша қолданушыларға кезекті киберқауіп туралы хабарламалар жібергенін растады. Бұл — мемлекет қолдайтын хакерлік топтардың белсенділігіне байланысты таратылатын тұрақты ескертулердің жаңа легі, деп хабарлайды kznews.kz.

Apple 2 желтоқсанда пайдаланушыларға қауіп жөнінде хабар бергенін мәлімдеді. Компания нақты қанша адамның нысанаға алынғанын және шабуылға қай тараптың қатысы болуы мүмкін екенін ашып айтпады. Бірақ Apple бұған дейін жалпы 150-ден астам елдің тұрғындарына осындай ескертулер жолданғанын атап өтті.

Google 3 желтоқсанда жариялаған мәлімдемесінде Intellexa деп аталатын шпиондық бағдарламамен нысанаға алынған барлық аккаунт иелеріне хабар жібергенін мәлімдеді. Компанияның айтуынша, Intellexa зиянды бағдарламасы жүздеген пайдаланушыны қамтыған, олардың ішінде Пәкістан, Қазақстан, Ангола, Мысыр, Өзбекстан, Сауд Арабиясы және Тәжікстан азаматтары бар.

Intellexa — АҚШ санкциясына ілінген кибербарлау компаниясы. Google оның «шектеулерді айналып өтіп, әлі де белсенді жұмыс істеп жатқанын» айтады.

Бұған дейінгі осындай ескертулер бірнеше елдің ресми органдарында тергеу жүргізуге себеп болған. Citizen Lab зерттеушісі Джон Скотт-Райлтонның пікірінше, мұндай хабарламалар тек пайдаланушыларды қорғап қана қоймай, шпиондық бағдарламалар нарығындағы заңсыздықтарды ашуға жол ашады.

«Ескертулер — жауапкершілікке апаратын тергеулердің бастамасы», — деді ол.

Қайсар Қанат
Автордың басқа материалдары