Ирандағы мұнай өңдеу зауыттары мен отын қоймаларындағы жарылыстардан кейін атмосфераға көтерілген улы түтін бұлт шығыс бағытта қозғалып, Орталық Азия мен Қытайға қарай таралуы ықтимал, деп хабарлайды kznews.kz.
Әлемдік ақпарат агенттіктері Иран астанасы Тегеранда болған ірі өрттің кадрларын таратуда. Мәліметтерге сәйкес, Израиль авиациясының Иранның мұнай инфрақұрылымына жасаған соққыларынан кейін Тегерандағы мұнай базаларының бірінде жанармай төгіліп, қаланың дренаждық арналарына тараған. Соның салдарынан өрт тез өршіп, жалын қала көшелеріне дейін жайылған.
Куәгерлер түсірген видеоларда төгілген мұнайдың тұтанып, оттың көшелер бойымен таралғаны көрсетілген. Оқиғадан кейін Тегеранды қалың түтін басып, кейбір аудандарда қышқыл жаңбыр жауғаны туралы хабарлар тарады.
Халықаралық гуманитарлық ұйымдар тұрғындарға қауіпсіздік шараларын сақтауды ескертуде. Қызыл Крест ұйымы тұрғындарды мүмкіндігінше үйлерінен шықпауға немесе сыртта болу уақытын барынша шектеуге шақырды.
Сонымен қатар Батыс елдерінде мұнай қоймалары мен мұнай өңдеу нысандарына соққы бермеу туралы пікірлер айтыла бастады. Кейбір саясаткерлер мұндай әрекеттердің экологиялық зардаптары өте ауыр болуы мүмкін екенін атап өтуде.
Сарапшылардың айтуынша, Ирандағы мұнай өңдеу зауыттары мен отын қоймаларындағы жарылыстардан кейін атмосфераға көтерілген улы түтін бұлт шығыс бағытта қозғалып, Орталық Азия мен Қытайға қарай таралуы ықтимал.
Алдын ала болжамдарға сәйкес, ықтимал қауіп аймағына Өзбекстан, Қазақстан және Қырғызстан кіруі мүмкін. Аймақта мұнай бағасының өсуі туралы жағымды жаңалықтар айтылып жатқанымен, экологиялық қауіптің күшеюі өңір елдерін алаңдатып отыр.
Мамандар жағдайды жіті бақылап отырғанын және атмосфералық ластанудың таралуы туралы нақты мәліметтер алдағы уақытта жарияланатынын мәлімдеді.