Иранда 29 жастағы әнші Парасту Ахмади хиджабсыз ән айтқаны үшін 74 қамшы соғу жазасына кесілді. Осындай жаза оның шығармашылық командасындағы тағы сегіз адамға да тағайындалған, деп хабарлайды kznews.kz.
Бұған 2024 жылдың желтоқсанында жарияланған концерт себеп болған. Иран билігі бұл қойылымды «әдепсіз әрі моральға қайшы контент» деп бағалаған. Себебі әнші сахнаға хиджабсыз шыққан.
Концерт көрерменсіз өткен. Парасту Ахмади ежелгі керуен-сарайда өнер көрсетіп, бағдарламаны YouTube арқылы тікелей эфирде ұсынған.
Бейнежазба миллиондаған қаралым жинағаннан кейін әнші мен оның жанындағы музыканттар ұсталған. Кейін сот шешімімен оларға екі жыл бойы елден шығуға және шығармашылық қызметпен айналысуға тыйым салынды.
Айта кетейік, әнші орындаған шығарма Отанға арналған патриоттық ән болған. Алайда Иран билігі бұл өнер көрсетуді заң бұзушылық деп таныған.