Иран билігі Әзербайжан аумағына дрон ұшырды деген айыптауларды теріске шығарды, деп хабарлайды kznews.kz.
Бұған дейін бірқатар ақпарат көздері Ираннан ұшырылған ұшқышсыз ұшу аппараты Әзербайжан аумағына құлағанын жазған еді. Мәліметтерге сәйкес, Нахичеван қаласындағы әуежай маңында дрон жарылып, өрт шыққан. Кейбір БАҚ терминал ғимаратына да зақым келгенін хабарлаған.
Алайда Иран Қарулы күштері Бас штабы бұл ақпаратты жоққа шығарып, елдің көрші мемлекеттердің егемендігін құрметтейтінін мәлімдеді.
«Иран Ислам Республикасы барлық мемлекеттердің, әсіресе мұсылман және көрші елдердің тәуелсіздігін құрметтейді. Сондықтан Әзербайжан Республикасына Иран қарулы күштері дрон ұшырды деген мәлімет шындыққа жанаспайды», – делінген ресми хабарламада.
Сонымен қатар ведомство мұндай айыптаулар мұсылман елдері арасындағы қарым-қатынасты ушықтыру мақсатында жасалуы мүмкін екенін де атап өтті.
Иран тарапының мәліметінше, жүргізілген тексерулер бұл әрекеттердің Иранды айыптау үшін әдейі ұйымдастырылған болуы ықтимал екенін көрсеткен.