Интернетте Apple сервистеріне қатысты жаңа алаяқтық толқыны тіркелді. Қаскөйлер iCloud деректерін және пайдаланушылардың сақталған файлдарынан айырылып қаламын деген қорқынышын пайдаланып, жеке мәліметтерді алдап алуға тырысуда, деп хабарлайды kznews.kz Mirror басылымына сілтеме жасап.
Белгілі болғандай, Apple-дің iCloud бұлтты сақтау жүйесі iPhone, iPad және Mac құрылғыларында фото, құжат және резервтік көшірмелерді сақтауға кеңінен қолданылады. Ол құрылғылар арасындағы деректерді синхрондауға мүмкіндік береді, бірақ тегін жады көлемі шектеулі. Шекке жеткен соң пайдаланушыларға қосымша ақылы тариф ұсынылады.
Осы жағдайды пайдаланып, алаяқтар жалған хаттар тарата бастаған. Ол хаттарда пайдаланушының iCloud жадысы толып қалғаны және резервтік көшіру тоқтағаны туралы жалған ақпарат беріледі. Хабарламаларда «тарифті жедел жаңарту» үшін арнайы сілтемеге өту ұсынылады.
Киберқауіпсіздік мамандары (Malwarebytes) мұндай шабуылдардың көбейіп жатқанын айтып, бұл хаттардың сырт көзге Apple-дің ресми хабарламасына ұқсап жасалатынын ескертеді.
«Фотосуреттерден айырылып қалу қаупі адамдарды тез әрекет етуге итермелейді, сондықтан алаяқтар осы сезімді пайдаланып, жеке және қаржылық деректерді ұрлауға көшті», — деп хабарлайды Malwarebytes.
Мамандардың айтуынша, мұндай хаттардағы сілтемелер жалған сайттарға апарады. Ол жерде пайдаланушылардан банк картасының деректері мен жеке мәліметтер сұралады.
«Барлық нұсқалардың ортақ мақсаты бір — “аз ғана төлем жасаңыз, әйтпесе iCloud-тағы файлдарыңыз өшеді” деген қорқыныш тудыру», — дейді мамандар.
Сарапшылар Apple ешқашан мұндай мәселелер туралы кездейсоқ электронды хат жібермейтінін ескертеді. Аккаунт күйін тек ресми құрылғы баптаулары немесе компанияның ресми сайты арқылы тексеруге болады.
Пайдаланушыларға күмәнді сілтемелерге өтпеу, бөгде сайттарға пароль енгізбеу және фишингтен қорғайтын антивирус қолдану ұсынылады.