Жиында екі елдің сауда-экономикалық байланысын кеңейту, инвестиция көлемін арттыру және Қазақстанда бірлескен өндірістер құру мәселелері талқыланды.
Форумға қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы тауар айналымы 50 млрд долларға жеткенін айтты. Алдағы мақсат бұл көрсеткішті 100 млрд долларға дейін жеткізу екенін де еске салды. Ал Қытайдың Қазақстан экономикасына салған инвестициясы 29 млрд доллардан асқан.
Алайда, мәселе инвестицияның көлемінде ғана емес, оның Қазақстан экономикасына қандай нәтиже беретінде екені анық. Жалпы, Қазақстан көп жылдан бері шетелдік инвесторлардан тек шикізат өндіруге қаржы салмай, ел ішінде жаңа өндіріс пен технология қалыптастыруды талап етіп келеді. Қытай капиталының қазіргі кезеңдегі ерекшелігі де осы бағыттан байқалады.
Тоқаев форумда Қазақстан мен Қытайдың бірлескен өндірістеріне арналған жаңа бастама ұсынды. Оның мәні өнімді тек Қытайда өндіріп, Қазақстанға әкелу емес, екі елдің технологиясы мен өндірістік мүмкіндігін біріктіріп, тауарды Қазақстан аумағында да шығаруда жатыр. Оның алғышарты қазірдің өзінде бар. Мысалы, Жамбыл облысында іске қосылған жүгеріні терең өңдеу зауыты осы бағыттағы нақты жобалардың бірі. Қытайдың «Фуфэн» компаниясы жобаға 350 млн доллар инвестиция салды. Кәсіпорын ауыл шаруашылығы өнімін шикізат күйінде сатпай, оны терең өңдеп, қосылған құны жоғары өнім шығаруға бағытталған.
Әлбетте, бұл модель Қазақстан үшін маңызды. Себебі, ауыл шаруашылығы өнімін ел ішінде өңдеу экспорттық өнімнің көлемін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындары мен технологиялық өндіріс қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Екінші маңызды бағыт көлік-логистика саласы екені анық. Қазақстан қазір Қытай мен Еуропаны байланыстыратын негізгі құрлықтық бағыттардың біріне айналып отыр. Жаңа теміржол желілері мен автомобиль жолдары салынып, шекаралық өткізу бекеттерінің мүмкіндігі кеңейіп келеді. Әуе қатынасы да ұлғаюда.
Бірақ, транзиттің өзі түпкі мақсат болмауы тиіс. Қазақстан жүк тасымалымен қатар, жүкті сақтау, өңдеу, қайта тиеу және логистикалық қызметтерді дамыта алса, бұл сала экономиканың жеке табыс көзіне айналады.
Сонымен бірге сауда көлемінің өсуі Қазақстан экспортының сапасы артты деген сөз емес. Маңызды мәселе Қытайға не сататынымызға келіп тіреледі. Қазақстан үшін келесі кезеңдегі міндет шикізат экспортымен шектелмей, дайын және жоғары деңгейде өңделген өнім үлесін көбейту болуы керек.
Айтпақшы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев форумда Қытай басшысы Си Цзиньпиннің екіжақты байланыстарды дамытуға көрсетіп отырған қолдауын ерекше атап өтті.
Жалпы, Алматыдағы форум Қазақстан–Қытай қатынасындағы жаңа басымдықты көрсетті. Демек, ендігі жерде Қытайдан қанша инвестиция келгеніне емес, сол инвестицияның Қазақстанда қанша жаңа өндіріс, технология, жұмыс орны және экспорттық өнім қалыптастыратынына маңыз берілмек. Яғни, инвестицияның экономикалық құны да осы өлшеммен бағалануға тиіс.
Бұл тақырыпта отандық сарапшылар да нақты тұжырымдар жасап отыр екен. Мысалы, саясаттанушы Данияр Әшімбаев инвестицияның нәтижесінде елде қанша жаңа кәсіпорын, қанша технология, қанша жұмыс орны және қанша қазақстандық өнім пайда болғаны маңызды екенін айтады.
- Форум қорытындысында он жаңа келісімге қол қойылды. Олардың қатарында өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардағы жобалар бар.Егер екі елдің "бірлесіп жобалау және бірлесіп өндіру" қағидаты нақты жобаларда жүзеге асса, Қытай инвестициясы Қазақстан экономикасының шикізаттық моделінен өндірістік модельге өтуіне ықпал ететін факторлардың біріне айналуы мүмкін, - дейді сарапшы Данияр Әшімбаев.