Әлеуметтік желіде жедел жәрдем қызметкеріне қатысты даулы оқиға қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды kznews.kz.
Threads платформасында жазба жариялаған бойжеткен 2026 жылдың 14 мамырына қараған түні өзін жайсыз сезініп, жедел жәрдем шақырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, шақыртуға 1992 жылы туған фельдшер келген.
Желі қолданушысының сөзінше, медициналық тексеру жүргізу барысында фельдшер шектен шығып, өзіне тиісуге әрекет жасаған.
“Қарау жүргіземін деген сылтаумен интимді жерлерімді ұстай бастады. Полиция шақыру үшін телефонымды алған кезде, ол тартып алып, мені пәтерде күштеп ұстап қалуға тырысты. Айқайлаған кезде көршілер жиналып, солар құтқарып қалды”, – деп жазды ол.
Автор қоғам назарын осы жағдайға аударуды сұрап, жазбасында фельдшердің суреттерін де жариялаған.
Қазіргі уақытта бұл оқиғаға байланысты ресми органдар тарапынан нақты түсініктеме берілген жоқ. Әлеуметтік желі қолданушылары аталған жайтты жан-жақты әрі әділ тексеруді талап етуде.