«Дала Қырандары» жастар қоғамдық бірлестігінің штабында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Төлегенұлы Аленов пен ҚР ІІМ Профилактикалық қызметті үйлестіру комитетінің төрағасы Арман Амангелдіұлы Саданов жұмыс кездесуін өткізді.
Бұл басқосу Dala Camp 2025: «Заң және тәртіп» форумында басталған өзара ынтымақтастықтың заңды жалғасы болды. Сол кездесуде ІІМ өкілдері пікір алмасуға қатысып, штаб жұмысымен жақынырақ танысу туралы ұсынысты қабылдаған еді.
Кездесу барысында тараптар жастармен жұмыс, құқықбұзушылықтың алдын алу және бірлескен бастамаларды дамыту мүмкіндіктерін талқылады. «Дала Қырандары» болашақ серіктестікті жүйелі арнаға түсіретін өзара ынтымақтастық туралы меморандум әзірлеу бастамасын ұсынды. Бұл құжат бірлескен жұмыстың нақты бағыттарын айқындап, ортақ күш-жігерді тиімді үйлестіруге мүмкіндік береді.
Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Аленов ведомствоның қозғалыспен бірлесіп жұмыс істеуге толық дайын екенін айта келіп:
«Ішкі істер министрлігі сіздердің кез келген бастамаларыңызды қолдауға әзір. Біз сіздердің жігерлеріңізді, талаптылықтарыңызды және жауапкершіліктеріңізді жоғары бағалаймыз. «Дала Қырандары» қозғалысымен серіктестік орнатып, ортақ жобаларды дамыту – біздің ортақ мүддеміз. Әрқайсыңыз – еліміздің ертеңісіздер. Сондықтан сіздердің білімді, беделді, өзіне сенімді азамат болып қалыптасуларыңыз біз үшін маңызды», — деп атап өтті.
Сондай-ақ ол білім мен дамудың маңыздылығы туралы еске салды:
«Оқу ешқашан оңай болған емес, бірақ бұл Жаратқанның сіздерге берген алтын уақыты. Дәл осы кезеңде бүкіл өміріңізге қажет болатын білім жиналады. Осы жиған қорыңыз ертеңгі жолыңызда сенімді тірек болады. Есіңізде болсын, мәселені алдын алған оның салдарымен күрескеннен әлдеқайда жеңіл. Сіздер қазірдің өзінде өз ұстанымдарыңызбен, өмірге деген көзқарастарыңызбен өзгеге үлгі болып профилактикамен айналысып жүрсіздер».
Профилактикалық қызметті үйлестіру комитетінің төрағасы Арман Саданов штабтағы атмосфераға ерекше тоқталды:
«Мұндағы тәртіп пен ұйымдасқан жұмысқа ерекше риза болып отырмын. Жинақылық, тәртіп және бір-біріне деген құрмет бар. «Дала Қырандары» – нағыз көшбасшылар қалыптасатын орта», — деді ол.
Сондай-ақ ол зиянды әдеттердің салдарына назар аударды:
«Бес мың теңгені алкогольге жұмсау ақырында қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін. Мұндай жағдайда қандай пайда туралы айтуға болады? Біз сіздердің суррогат алкоголь өнімдерінің сатылуын анықтау бойынша рейдтерді жүйелі түрде өткізіп жүргендеріңізді білеміз. Бұл — өте маңызды жұмыс. Жарайсыздар, біз сіздерді қолдаймыз», — деп атап өтті.
«Дала Қырандары» тарапынан Нұрғали Тұрсынгазиев ІІМ қолдауының маңызды екенін атап өтті:
«Біз үшін Министрліктің жастарды тартып, барынша қолдап, ынтымақтастыққа ашық болғаны өте маңызды. «Дала Қырандары» штабы — идеялардың нақты бастамаларға айналатын орны. Біз ІІМ меморандум жасау мен бірлескен дөңгелек үстел ұйымдастыру ұсынысын қолдағанына қуаныштымыз», — деді ол.
Өңірлердегі жергілікті жұмыстың мәселесі де қозғалды: Қосшыдағы Абдулла есімді қозғалыс белсендісі полиция шақыртуларға кеш жететінін атап өтті. ІІМ өкілдері бұл мәселені мұқият қарастыратынын жеткізді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар дөңгелек үстел өткізуге келісіп, онда меморандумның нақты тұстары айқындалатынын және жастардың қауіпсіздігі мен әлеуетін арттыруға арналған жаңа бастамалар әзірленетінін жеткізді.