Аймақ

Яна Легкодимованы өлтіргендер өмір бойына сотталды

Яна Легкодимованы өлтіргендер өмір бойына сотталды
Фото: Аzh.kz

Атырауда 23 жастағы Яна Легкодимованы өлтірген қылмыскерлерге қатысты сот үкімі жарияланды, деп хабарлайды kznews.kz.

Сот 24 жастағы Ризуан Хайржанов пен 25 жастағы Алтынбек Катимовты аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Оларға Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 7-тармағы «Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған кісі өлтіру», Қылмыстық кодекстің 202-бабы 2-бөлігінің 6-тармағы «Алдын ала сөз байласқан адамдар тобының бөтеннің мүлкін қасақана жоюы» бойынша айып тағылды.

Сотталғандарға тағылған айыптардың жиынтығы бойынша әрқайсысына ерекше қауіпсіздік режиміндегі мекемеде өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бұған дейін прокурор екі айыпталушыны да осындай жазамен қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұраған болатын, және бұл жаза Янаның анасы мен оның өкілі тарапынан қолдау тапты.

Айыпталушылар өз кінәларын мойындағанына қарамастан, соңғы сөзінде Ризуан Хайржанов соттан өзінің «әлі жас екенін және өмірдің рахатын көргісі келетінін» ескеруді сұрады. Жәбірленуші тараптың адвокаты Ажар Әбділдің айтуынша, Ризуан Хайржановтың әкесі соттан баласын ақтап шығуды сұраған. Оның пікірі бойынша, іс бойынша негізгі айғақтардың бірі болған хат алмасу «екі жас жігіттің арасындағы әзіл-қалжың әңгіме».

Бұған дейінгі сот отырысы кезінде Янаның анасы Галина Легкодимова сөз сөйлеп, қызының 23 жасқа дейін пәк болғанын, үйден шықпай, тек оқуымен, жұмысымен және өзін дамытуымен айналысқанын айтты. Сондай-ақ, ол қызының күдіктілердің бірінен жүкті болып қалғанына сенімді екенін атап өтті. Анасының айтуынша, осы себеппен айыпталушы қызын тез арада өлтірген.

Еске салсақ, 2024 жылдың қазан айында жоғалған Яна Легкодимованың мәйіті биыл маусым айында Атырау облысынан табылған болатын. 2024 жылдың 18 қазанында бойжеткен танысының қоңырауына жауап беріп үйінен шыққан. Ол тез ораламын деп ойласа керек, күртешесін де алмаған. Бірақ үйіне оралмаған.  Ол өмірінің соңғы сәттерінде танысының көлігінде болған. Қылмыстық істі қозғауға Янаның күнделігі себеп болған. Күнделігінде марқұм «Р» деп аталатын біреуді жазған.

Сот барысында Яна Легкодимованы өлтірді деп айыпталғандар өз кінәсін толық мойындаған.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz