Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, тергеу барысында The Finiko жобасының нақты кәсіпкерлік немесе инвестициялық қызметпен айналыспағаны анықталған.
Тергеу дерегіне сәйкес, бұрын қосылған қатысушыларға төлем кейін келген салымшылардың қаражаты есебінен жасалған. Осылайша табыс түсіп жатқандай көрініс қалыптастырылып, жаңа адамдардан ақша тарту жалғаса берген.
Ведомство күдіктінің әрекеті нәтижесінде қаржы пирамидасына 160 миллион теңгеден астам қаражат тартылғанын хабарлады.
Сондай-ақ сотқа дейінгі тәркілеу шаралары аясында күдіктіге тиесілі, құны 221 миллион теңге болатын жер телімі мемлекет кірісіне алынған.
Бұған дейін аталған қылмыстық іс бойынша үш адам сотталған. Оларға мүлкін тәркілеумен бірге алты жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.