KZNEWS.KZ
Жаңалықтар

"Хакер Атырау" ісі: 13 миллион теңгеге алаяқтық жасады деп айыпталған азамат сот алдында жауап беріп жатыр

• Қайсар Қанат
видеодан скриншот

32 жастағы Нұрлан Жаңбырбаевқа алаяқтыққа қатысты 12 эпизод бойынша айып тағылған.

Тергеу нұсқасына сәйкес, оның әрекетінен 12 азамат зардап шегіп, келтірілген материалдық шығынның жалпы көлемі 13 миллион теңгеге жеткен.

Сот отырысында айыпталушы осы уақытқа дейін тоғыз жәбірленушінің ақшасын қайтарғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қалған шамамен 4 миллион теңгені де өтеуге ниетті.

Алайда Нұрлан Жаңбырбаев өзіне тағылған айыппен толық келіспейді. Ол қаражатты адамдарды алдау арқылы алмағанын айтып отыр.

Айта кетейік, «Хакер Атырау» есімі бұған дейін Атырау облысының Жангелдин ауылында бір отбасының төрт мүшесінің жоғалуына қатысты іс барысында да көпшілікке белгілі болған еді.

Нұрлан Жаңбырбаев әлеуметтік желіде аталған оқиғаға байланысты өз бетінше жинаған мәліметтерін жариялап, жағдайдың хронологиясын бөліскен.

Кейін оған қатысты қылмыстық іс қозғалып, 9 қаңтарда тергеу соты сырттай қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаған.

19 ақпанда оның Түркия аумағында ұсталып, Қазақстанға жеткізілгені хабарланған.

Дегенмен мемлекеттік айыптаушы Жангелдин ауылындағы оқиға мен қазіргі қаралып жатқан алаяқтық ісінің арасында байланыс жоқ екенін нақтылады.

Прокурордың мәліметінше, Нұрлан Жаңбырбаев бұл сот процесінде тек алаяқтыққа қатысты айып бойынша жауап беріп жатыр.

«Жәбірленушілерді жауаптау сатысындамыз. Қазір төрт жәбірленуші қалды», – деді прокурор Абылайхан Әбужанов.

Мемлекеттік айыптаушы сотталушыға Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша бірнеше рет алаяқтық жасауға қатысты айып тағылғанын жеткізді.

Сот отырысы жәбірленушілердің қатыса алмауына байланысты кейінге қалдырылған.

Қазіргі уақытта іс бойынша сот талқылауы жалғасуда. Нұрлан Жаңбырбаевтың кінәлі немесе кінәсіз екені соттың заңды күшіне енген үкімімен анықталады.

Қайсар Қанат
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →