Атырау облысының Жангелдин ауылында жоғалған отбасыға қатысты әлеуметтік желіде «өз бетінше тергеу жүргізіп», адамдарды хакерлік тәсілдер арқылы табуға уәде берген ер адамның ісі сотқа жолданды.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ол отбасы жоғалған кезде әлеуметтік желіде кеңінен танылып, өзін тәуелсіз «хакер» ретінде таныстырған. Instagram желісінде жоғалған адамдардың геолокациясын, SIM-карталарын және банк операцияларын бақылауға мүмкіндігі бар екенін мәлімдеген.
Алайда ІІМ өкілдері ер адамның қандай да бір құпия дерекқорға қол жеткізе алмағанын хабарлады.
«Аталған тұлғаға қатысты алаяқтықтың бірнеше эпизоды бойынша тергеу аяқталды, іс сотқа жолданды. Оның ешқандай дерекке қолжетімділігі болған жоқ. Ол пайдаланғанның бәрі – біздің қызметтік ақпарат. Ал деректердің таралуына қатысты кінәлі лауазымды тұлғалар қатаң жауапкершілікке тартылды», – деді Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов.
Тергеу дерегіне сәйкес, ер адам тек Жангелдин ауылындағы оқиға кезінде ғана белсенділік танытпаған. 2024 жылғы қыркүйек пен желтоқсан аралығында ол Instagram арқылы Атырау облысының екі тұрғынын алдап, 3 миллион теңгеден астам қаражат иемденді деген күдікке ілінген.
Осыдан кейін ер адам шетелге кетіп, халықаралық іздеуге жарияланған.
2025 жылғы маусымда ол Интерпол желісі арқылы Түркияның Самсун қаласында ұсталып, кейін Қазақстанға экстрадицияланған.
Қазір алаяқтық фактілері бойынша тергеу аяқталып, қылмыстық іс сотқа берілді. Айыпталушыға қатысты түпкілікті шешімді сот шығарады.