Ғұмар Серғазин "Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы" республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры болып тағайындалды.
Бұл туралы Қазақстанның Атом энергиясы агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Айта кетейік, бір күн бұрын Мемлекет басшысының өкімімен Ғұмар Серғазин Қазақстан Республикасы Атом энергиясы агенттігі төрағасының орынбасары қызметінен босатылған еді.
Енді ол Ұлттық ядролық орталықты басқарады.
Ғұмар Серғазин кім?
Ғұмар Серғазин 2008 жылы Қазақ-Америка университетін "заңгер" мамандығы бойынша тәмамдаған.
2013 жылы Мемлекеттік басқару академиясында білім алып, мемлекеттік және жергілікті басқару магистрі дәрежесін иеленген.
2015 жылы МАГАТЭ-нің Ядролық құқық институтында оқыған. Ал 2020 жылы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетін "электр энергетикасы" мамандығы бойынша аяқтаған.
Ғұмар Серғазин еңбек жолын 2008 жылы Астана қаласының Сарыарқа ауданындағы Халыққа қызмет көрсету орталығында бастаған. Мұнда инспектор, консультант, бас инспектор және операциялық зал басшысының орынбасары қызметтерін атқарған.
2011 жылы "БТА Банк" АҚ-да заңгер болып жұмыс істеді.
Кейін Қазақстанның Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінде және Өңірлік даму министрлігінде еңбек етті.
2014 жылы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінде ішкі әкімшілендіру басқармасының, кейін заң басқармасының басшысы болды.
Сол жылы Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің заң басқармасын басқарды. Бұл қызметте 2016 жылға дейін еңбек етті.
2016-2017 жылдары Энергетика министрлігінің Ақпараттық технологиялар және мемлекеттік қызметтер департаменті директорының орынбасары қызметін атқарды.
2017 жылдан 2023 жылға дейін Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті төрағасының орынбасары болды.
2023 жылғы наурыздан 2025 жылғы сәуірге дейін Энергетика министрлігінің Атом энергетикасы және өнеркәсіп департаментін басқарды.
2025 жылғы сәуірде Ғұмар Серғазин Қазақстан Республикасы Атом энергиясы агенттігі төрағасының орынбасары болып тағайындалған.
Ал 2026 жылғы 1 қазанда осы қызметтен босатылып, келесі күні Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры қызметіне кірісті.