KZNEWS.KZ
Қоғам

Грузияда неміс дәрісімен қолға түскен Қазақстан азаматының 16 жылға сотталғаны рас па: оның әйелі бопсалау болғанын мәлімдеді

• Айгерім Асылова
фото: ашық дереккөз

Дәл қазір Грузияның түрмесінде Қазақстанның азаматы, Ақмола облысы, Щучинск қаласының тұрғыны Иван Чекулаев қамауда отыр. Биыл көктемде, дәлірек айтсақ, наурыздың оны күні Еуропа арқылы Грузияға жүк тасымалдап бара жатқан Иван Чекулаевты Грузияның полициясы тоқтатқан. Бүгін Azattyq Rýhy редакциясына оның заңды әйелі Юлия Чекулаева жүгініп, күйеуіне араша сұрады, деп хабарлайды kznews.kz

Юлия Чекулаеваның айтуынша, күйеуінің омыртқасы ауырады. Осыдан екі жыл бұрын сол ауруына байланысты сапарға шықпай, үйіне келген. Германияның дәрігерлеріне қаралып, емделген кезде, неміс дәрігерлері оған «TILIDIN AL comp» деген дәрі жазып берген. Бұл ауруды басатын, құрамында есірткісі бар ауыр дәріні Грузияға кіргізуге болмайды. Міне, Грузияға келген кезде Иванның қалтасынан осы дәрі табылған, бірақ, әйелінің айтуынша, Иван дәрігер жазып берген рецептіні алмай шыққан екен. 

«Ол омыртқасы қатты мазалаған соң Германиядағы дәрігерлерге қаралды. Сол жерде оған бұл дәрілерді мамандар жазып берген. Кейін осы дәрілермен ол Грузияда ұсталып отыр. Тексеру кезінде одан дәрі-дәрмегі бар-жоғын сұраған. Ол арқасы ауыратынын айтып, дәрілерін өзі шығарып көрсеткен. Содан кейін оны ұстап әкеткен», – дейді әйел.

Осылайша, халықаралық жүй тасымалы саласындағы «Скания-Боровое» ЖШС компаниясында 19 жылдан бері жүк көлігін жүргізіп жүрген Иванды Грузия полициясы қамауға алып, есірткі тасымалдады деген күдікпен, үстінен қылмыстық іс қозғаған. Нақты айтсақ, 10 наурызда кезекті рейске шығып, Ресей мен Еуропа арқылы Түркияға, одан әрі Грузияға барған Иванның бұл сапары ауыр қылмыс жасады деген күдікке ұласқан. Ал 22 сәуір күні оның әйеліне Грузия полициясы қоңырау шалып, Иван Чекулаевтың ұсталғанын хабарлаған.

Юлияның сөзінше, Иван Чекулаевтың омыртқасында төрт жарық бар. Екі жыл бұрын ол рейстен кейін денсаулығы нашарлап, үйіне оралған. Кейін Германияда медициналық тексеруден өтіп, дәрігерлер оған қажетті дәрілерді тағайындаған.

Иван Чекулаевтың 16 жылға сотталғаны рас па 

Әйелінің айтуынша, жуырда оған Грузиядан тағы да қоңырау түскен. Бұл жолы әйел төбесіне найзағай түскендей хабар алған. Телефонның арғы жағындағы адам Иван Чекулаевтың 16 жылға соталғанын хабарлапты. Бірақ, бір қызығы күйеуінің сотталғаны туралы қаулыны көрмеген,  оған сот емес, тергеу органдары телефон шалған. Жалпы, Юлияның айтуынша, оған үнемі тергеуден қоңырау түсіп, әртүрлі «ұсыныс айтылатын» көрінеді. 

«Күйеуімнің ұсталғанын хабарлағаннан кейін де маған бейтаныс адамдар тоқтаусыз қоңырау шалды. Оны 15, 20, тіпті өмір бойына соттаймыз деп қорқытты. Кейін процестік келісім ұсына бастады», – дейді Юлия Чекулаева.

Әйелдің айтуынша, әлдекімдер оған хабарласып, бопсалап, күйеуінің мерзімін азайту үшін ақша талап еткен. Сөзінше, күйеуін бес жылға соттау үшін 150 мың лари, ал алты жылға соттау үшін 100 мың лари төлеу керектігі айтылған. Оның есебінше, бұл шамамен 30 миллион теңгеге жуық ақша. 

Юлия Чекулаеваның айтуынша, күйеуін ұстаған кезде дәрілерге қатысты медициналық құжаттар оның жанында болмаған. Кейін ол қажетті анықтамаларды Грузияға жібергенін айтады. Алайда оның сөзінше, бұл құжаттарға қарамастан, күні кеше Иван Чекулаев 16 жылға сотталғаны туралы хабар алған.  

Әйелдің айтуынша, күйеуінің ісіне жұмыс беруші компания да араласқан. Компания өкілдері өз адвокаттарын ұсынып, айыппұлдарды төлеп, Иванды Қазақстанға қайтаруға көмектесетіндерін айтқан. Алайда кейін олардың жалдаған адвокаттары істі соңына дейін жеткізбей, күйеуі адвокатсыз қалған.

«Өз адвокатыма екі миллион теңге төледім. Енді басқа адвокат жалдауға қаражатым жоқ. Біз компанияның иесі емеспіз, күйеуім – жалдамалы жүргізуші. Жалақыға күн көреміз. Қолымызда болған ақшаның бәрін жұмсадық», – дейді Юлия.

Оның сөзінше, компания басшылығы қазір онымен байланысқа шықпайды, көмектесуден бас тартқан. Әйел Қазақстандағы мемлекеттік органдарға да бірнеше рет барғанын, алайда әзірге нақты көмек ала алмағанын айтады.

«Сыртқы істер министрлігіне де, Бас прокуратураға да бардым. Бас прокуратураға екі рет жүгіндім. Барлық жерде өтініштеріміз қаралып жатқанын, жағдайдан хабардар екенін айтады. Бірақ нақты әрекет жоқ. Алты ай бойы көмек сұрап, түрлі мекемелерге бардым, хат жаздым. Бірақ сол кезде ешкім мені естімеді», – дейді ол.

Юлия Чекулаеваның айтуынша, оған сот шешіміне апелляциялық шағым түсіруге бір ай уақыт берілген. Алайда үкімнің ресми көшірмесін бірден ала алмағанын айтады. Қазір ол адвокат жалдап, күйеуін Қазақстанға қайтару үшін күресуді жалғастырмақ.

«Олар бізге соттың ешқандай құжатын, ешқандай растау қағазын бермеді. Кеше үкімге қатысты құжатты сұрап, қайта-қайта телефон соғып, жаздым. «Құжатты беріңіздер, растау қағазын беріңіздер» деп өтіндім. Олар құжатты тек 10 күннен кейін ғана береміз дейді. Он күннен кейін! Неге? Тағы да ешкім ештеңе түсіндірмейді. Осылайша, ешкім сөзімді құлағына да іліп жатқан жоқ. Ең болмаса, күйеуімді Қазақстанға қайтарып, істі осы жерде әрі қарай қарастырсақ деймін. Ол рейске кетіп, үйіне оралмады. Біз мұнда екі баламен қалдық. Не істерімді, қайда жүгінерімді білмеймін. Мен үнемі қоғамдық жұмыстарға белсенді араласымын, салық төлеймін, уақытылы сайлауға қатысамын, бірақ біздің отбасының басына күн туғанда Қазақстан өз азаматын қорғай алмады», – дейді Юлия Чекулаева.

Редакция жерлесіміз Иван Чекулаевтың ісіне қатысты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне, Қазақстанның Грузиядағы Консулдығына және бірқатар авдокаттарға тиісті сұрау салып жатыр. 

Айгерім Асылова
Айгерім Асылова – Kznews.kz сайтының тілшісі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі, республикалық порталдарда жұмыс тәжірибесі бар журналист.
Автордың басқа материалдары →