Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданының Өрел ауылындағы мектеп Google Reference school мәртебесін иемденіп, білім беру үдерісіне инновациялық шешімдерді енгізген әлемнің үздік мектептері қатарына қосылды, деп хабарлайды kznews.kz.
Бұл жоғары мәртебеге ие болу – Aitas Foundation корпоративтік қорының Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры жүзеге асырған Digital Bala жобасының арқасы. 2025 жылы қор әлемдік технологиялық алпауыт Google компаниясымен меморандумға қол қойған. Жоба аясында Қазақстанның 14 мектебі Google for Education бағдарламасына енгізуге мүмкіндік алды.
Технологияларды жедел енгізу үшін жоба серіктестері – «Өрлеу» БАҰО мен Stem Solutions компаниясы 20 тренер дайындаған. Олар сертификаттаудан өткен соң 240 ауыл мұғалімінің біліктілігін арттыруға кірісті. Бұл – Орталық Азия елдерінде Google for Education технологияларын енгізу бойынша алғашқы жоба, ал Өрел ауылындағы мектеп осы процестің флагманына айналды.

Өрел мектебінің оқушылары Google құралдарына тегін қол жеткізе алады. Мұғалімдердің айтуынша, негізгі басымдық – жасанды интеллектіні пайдалану. Gemini, NotebookLM, Canva және т.б. құралдардың көмегімен оқушылар креативті әрі ғылыми жобалар іске асырып, сабаққа өздігінен дайындалады. Ол үшін арнайы жеңіл әрі мобильді Google Cromebook девайстарын қолданады. Ал ұстаздардың айтуынша, цифрлық шешімдер сабақты жоспарлау кезінде уақытты үнемдеуге және әр оқушының қабілетіне көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік береді.

Google Reference School халықаралық сертификатын табыстау үшін Өрел ауылына Google for Education-ның Еуропа, Африка және Таяу Шығыс елдері бойынша өңірлік басшысы Анна Артемьева арнайы келді.