KZNews.kz
Қоғам

Ғалым Рамазан айында адам рухы қалай өзгеретінін ашып айтты

Азамат Қойшығара
Видеодан алынған кадр

Нұр-Мүбарак университетінің ұстазы, белгілі ғалым, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар кеңесінің мүшесі Мұхитдин Исаұлы Рамазан айының рухани мәнін түсіндірді, деп хабарлайды kznews.kz.

Ғалымның айтуынша, адам бойында нәпсі мен рух қатар өмір сүреді. Нәпсі дүние, ақша, ләззат, материалдық игіліктер арқылы «семіреді». Нәпсі күшейген сайын рух қысылады, оған орын қалмайды.

– Нәпсі семірген кезде рух тұншығады. Ал Рамазан айында адам ашығады, нәпсі әлсірейді. Әлсіреген сәтте нәпсі өзінің дәрменсіз екенін сезінеді, Жаратушыны есіне алады. Сол кезде рухқа еркіндік беріледі, – деді ол.

Ғалым Рамазан айында рухтың ерекше тыныс алатынын атап өтті. Оның сөзінше, бұл кезеңде адам жүрегі тазарады, ішкі әлемі жаңарады.

– Пайғамбарымыздың хадисінде Рамазан айында аспан қақпалары ашылады делінеді. Бұл – Алланың мейірімі мен рақымының молаятынын білдіретін ишара. Нәпсі тыйылған кезде рух сол рақымды сезіне бастайды. Рухани самал соғады, адам жүрегі жұмсарады, – деп түсіндірді Мұхитдин Исаұлы.

Оның айтуынша, дәл осы сезіну арқылы адам Алланың ұлылығын, жалғыздығын және хақтығын жүрекпен ұғынады.

– Адам Рамазанда өзін Жаратушы алдында ғана жауапты тұлға ретінде сезінеді. Бұған дейін әркімге жалтақтап жүрген жан осы айда рухани тәуелсіздікке қол жеткізеді. Себебі ол Алланың бар екенін жүрекпен сезінеді, – деді ғалым.

Мұхитдин Исаұлы Рамазан айының басты мақсаты – нәпсіні тәрбиелеу арқылы рухты күшейту екенін атап өтті.

Азамат Қойшығара
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ түлегі. Журналистика саласында 16 жылдан бері еңбек етіп келеді. Аймақтық, салалық, республикалық басылымдарда, интернет-порталдарда т...
Автордың басқа материалдары →