Бұл жаңалықты алғаш болып «Қостанай таңы» газеті жазды. Алматыда өткен баспасөз конференциясында «Ғалам Аруы Қазақстан 2024» атағының иегері Дана Алмасова алдағы әлемдік додаға дайындығы жөнінде айтты. Шараға сондай-ақ «Қазақстан Аруы» ұлттық байқауының директоры Айжан Рузаева мен PR-менеджер Құралай Құрман қатысты.
Биылғы «Miss Universe 2025» байқауы Таиландта өтеді. Финалдық шоу 21 қарашаға жоспарланған. Әлемнің 100-ден астам елінен келген арулар бақ сынайды.
Айжан Рузаеваның айтуынша, «Қазақстан Аруы» ұлттық жобасы – әлемдегі ең беделді үш сұлулық байқауына қатысуға ресми лицензиясы бар ұйым. Ол Дана Алмасованың табандылығы мен әлеуметтік белсенділігін ерекше атап өтті.
2024 жылы Дана Қостанай өңірінен қатысып, ұлттық байқаудың үздік бестігіне енген болатын. Қазіргі уақытта ол халықаралық деңгейге дайындық үстінде. Дайындық бағдарламасы аясында модельдік жүріс, сахна мәдениеті және ағылшын тілі бойынша сабақтармен қатар, әлеуметтік жобалар да қамтылған.
Бос уақытында Дана балалар үйінің тәрбиеленушілеріне шеберлік сағаттарын өткізіп, экологиялық акцияларға қатысып жүр. Ал әлемдік додада ол табиғатты қорғауға арналған өзінің экологиялық жобасын таныстырмақ.
«Менің мақсатым – Жер шарына адам әрекетінің зардаптарынан “тыныс алуға” мүмкіндік беру. Экологиялық мәдениетті арттыру – әрқайсымыздың міндетіміз. Францияның лавандасын бәрі біледі, ал мен қазақ даласының қызғалдақтарын әлемге танытқым келеді», – дейді Дана Алмасова.