Кеңес Одағының тұңғыш ғарышкері Юрий Гагариннің қазасына қатысты бұрын құпия сақталған дерек қайта жария болды, деп хабарлайды kznews.kz.
Ғарышкер Алексей Леоновтың айтуынша, 1968 жылғы апатқа Гагарин отырған ұшаққа тым жақын ұшқан әскери Су-15 ұшағы себеп болуы мүмкін. Оның сөзінше, әскери ұшақ қауіпсіздік талабын бұзып, белгіленген биіктіктен төмен ұшқан.
Леоновтың мәліметінше, Су-15 ұшағы Гагарин мінген әуе кемесінен небәрі 10-15 метр қашықтықта өтіп, күшті ауа толқынын тудырған. Соның салдарынан ұшақ тепе-теңдігін жоғалтып, штопорға түскен.
Экипаж ұшақты қалпына келтіруге тырысқанымен, апаттың алдын ала алмаған. Нәтижесінде Юрий Гагарин мен нұсқаушы Владимир Серегин қаза тапқан.
Алексей Леонов бұл мәліметтер кейін құпия құжаттар ашылған соң расталғанын айтып, апаттың басты себебі ұшу тәртібінің бұзылуы болғанын жеткізді.