Журналист Өміржан Әбдіхалықұлы әлеуметтік желіде жазба жариялап, өзінің Freedom Bank қосымшасының себепсіз бұғатталғанын айтты. Ол клиент ретінде банктің қызмет көрсету тәртібіне шағым білдірді.
Оқиға 24 маусым күні кешкі уақытта басталған. Журналистің айтуынша, шотына қаражат түскеннен кейін ол ақшаны Kaspi.kz қосымшасына аударуға әрекет жасаған. Алайда, бірнеше рет жасалған аударым сәтсіз аяқталып, қосымшада «қате пайда болды», «30 секундтан кейін қайталап көріңіз» деген хабарламалар шыққан. Кейіннен Freedom Bank қосымшасы мүлдем бұғатталып қалған. Клиент 595 жедел желісіне хабарласқанымен, мәселе WhatsApp чат-ботқа бағытталған көрінеді Чат-бот арқылы қажетті құжаттар тізімі мен өтініш үлгісі жіберілген.
Журналист 25 - маусым күні банк бөлімшесіне барып, өтініш қалдырған. Оның айтуынша, Kaspi.kz қосымшасынан соңғы 6 айдағы шот қозғалысы мен зейнетақы аударымдары туралы деректер талап етілген.
Клиент бұл деректердің не үшін қажет екені түсіндірілмегенін айтады. Сондай-ақ, өтініштің қаралу мерзімі де нақты айтылмаған. Өтініштің бас кеңсеге жіберілгені және шешім кейін хабарланатыны ғана жеткізілген.
Журналист Өміржан Әбдіхалықұлының айтуынша, қосымшаның бұғатталу себебі түсіндірілмеген, өтініштің қаралу мерзімі белгісіз қалған, ал қосымша құжаттар мен деректердің не үшін алынғаны нақты айтылмаған.