KZNews.kz
Саясат

Фостерді қатты сынаған депутат енді оны мақтап шықты

Азамат Қойшығара
Ашық дереккөзден

«Эйр Астана» компаниясының ұзақ жылдар бойы бас директоры қызметін атқарып келе жатқан Питер Фостер 2026 жылдың наурызының соңында қызметінен кетеді. Бұл туралы компанияның директорлар кеңесі мәлімдеді.

Питер Фостер бас атқарушы директор және директорлар кеңесінің мүшесі қызметтерінен кеткенімен, «Эйр Астана» компаниялар тобымен байланысын үзбейді. Ол директорлар кеңесіне аға кеңесші ретінде қызметін жалғастырады. Ал қаржы жөніндегі атқарушы директор Ибрахим Жанлыел осы кезеңде бас атқарушы директор болып тағайындалмақ.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Питер Фостердің компания саясатын қатаң сынға алған еді. Ол әуе компаниясының билет бағасын уақыт жақындаған сайын өсіретініне наразылық білдіріп, бұл тәжірибенің тұтынушыларға әділетсіз екенін атап өткен болатын.

– «Эйр Астана» аспанның құдайы болып алған. Билет уақыты жақындағанда бағасы көтеріледі. Керісінше, уақыт азайғанда баға түсуі керек. Оны тезірек өткізу керек қой. Бұлар керісінше жұмыс істейді. Эйр Астананың мәселесін дұрыстап майшаммен қарау керек. Фостер мырза, шаңыраққа қараңыз, мемлекеттің заңына бағыну керек», – деген болатын депутат.

Сондай-ақ ол 2023 жылдың 2 тамызында «Эйр Астана» рейсінің 12 сағатқа кешіккенін айтып, компаниядан өтемақы алу рәсімінің тым күрделі екенін сынға алған.

Бүгін депутат Еділ Жаңбыршин Питер Фостердің қызметтен кету мерзіміне қатысты өз пікірін білдірді. Ол Фостердің жұмысына қатысты сыни көзқарасына қарамастан, оның компанияға сіңірген еңбегін де атап өтті.

– «Фостердің де істеген еңбегі бар. Оның басшылығымен компания әлемдік деңгейге көтерілді. Дегенмен, билік пен халықтың талабына сай болу керек. Сондықтан өзгерістерді ертерек енгізу жөн болады деп ойлаймын», – деді ол.

Азамат Қойшығара
Автордың басқа материалдары