"Қазақстанның ұлттық валютасы 2026 жылдың басынан бері АҚШ долларына қатысты 9,7 пайызға нығайды.Бұл көрсеткіш теңгені Еуропа мен Азиядағы ең мықты валюталардың біріне айналдырды" - деп жазады әлемге әйгілі Financial Times басылымы.
Жалпы, сарапшылар теңгенің нығаюына мемлекеттік облигациялар нарығына шетелдік капиталдың келуі тікелей әсер етті деп пайымдайды. Атап айтқанда, шетелдік инвесторлардың теңгемен номинацияланған мемлекеттік облигацияларының көлемі бір жыл ішінде 2 миллиард доллардан 2026 жылғы маусымда 5 миллиард долларға дейін өскен. Бұл мемлекеттік облигациялар нарығының шамамен он пайызын құрайды.
Сондай-ақ, инвесторлардың қызығушылығына Қазақстандағы жоғары пайыздық мөлшерлеме, нақты табыстылықтың тартымдылығы және елдің инвестициялық кредиттік рейтингі ықпал етіп отыр. Мұнан бөлек, мемлекеттік облигацияларды Euroclear жүйесіне қосу жоспары да шетелдік инвесторлар үшін қазақстандық бағалы қағаздарға қолжетімділікті жеңілдетуі мүмкін.
Сонымен қатар биылғы бірінші тоқсанда Қазақстанға бағытталған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 6,3 миллиард долларға дейін қалпына келген. Халықаралық капиталдың көлік және цифрлық инфрақұрылым жобаларына қызығушылығы да артып келеді.
Ал еліміз алдағы уақытта мемлекеттік облигацияларын дамушы нарықтардың JPMorgan GBI-EM индексіне енгізуді көздейді. Бұл қазақстандық бағалы қағаздарға жаһандық қорлардың қызығушылығын одан әрі арттыруы мүмкін.
Дегенмен, шетелдік капиталдың келуі теңгені қолдағанымен, ұлттық валютаның тұрақтылығы қысқа мерзімді капитал ағынына ғана тәуелді болмауы керек деп пайымдайды қаржы сарапшылары. Сондықтан қазіргі негізгі міндет инвесторлардың қазіргі қызығушылығын ұзақ мерзімді капиталға айналдыру болуға тиіс.