Филиппиннің оңтүстігіндегі Базилан провинциясы маңында M/V Trisha Kerstin 3 жолаушы және жүк паромы теңізге батып, кемі 15 адам қаза тапты, 28 адам хабар-ошарсыз кетті, деп хабарлайды Kznews.kz.
Алдын ала дерекке сай, кеме Замбоанга қаласынан Сулу провинциясындағы Холо аралына бет алған. Оқиға 26 қаңтарға қараған түні шамамен сағат 01:50-де болған.
Филиппин жағалау күзетінің соңғы ресми мәліметі бойынша, паромда 332 жолаушы және 27 экипаж мүшесі болған (барлығы 359 адам). Қазіргі сәтте 316 адам құтқарылған, кемі 15 адамның мәйіті табылған.
Оқиға алғаш тарай бастағанда кейбір халықаралық ақпарат құралдары «100-ден аса адам із-түзсіз» деген бастапқы болжамды жариялаған. Алайда іздеу-құтқару жұмыстары енді басталып, жолаушылар тізімі нақтылаудан өтіп жатқан тұста шыққан бұл ақпарат кейін ресми дерекпен түзетіліп, жоғалғандар саны «ондаған адам» деңгейінде нақтыланды.
Құтқару операциясына жағалау күзеті мен әскери-теңіз күштерінің кемелері, әуе бақылау ұшағы, ӘӘК-нің Black Hawk тікұшағы, сондай-ақ жергілікті балықшылардың қайықтары жұмылдырылған. Тірі қалғандар алдымен Базилан жағалауына жеткізіліп, кейін Исабела портына тасымалданған. Кейбір жолаушыларға, әсіресе егде адамдарға, шұғыл медициналық көмек қажет болғаны хабарланды.
Алдын ала мәлімет бойынша, паром техникалық ақауға тап болуы мүмкін. Сондай-ақ ауа райы қолайлы болғаны және порттан шығарда артық жүк не адам тиеу белгілері байқалмағаны айтылды. Қазір оқиғаның нақты себебін анықтау үшін тергеу жүріп жатыр.