Бельгиялық танымал Porschist журналының Қазақстанға арналған арнайы саны жарық көрді, деп хабарлайды kznews.kz.
Жақы көрген нөмірде еліміздің бес қаласы – Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан және Байқоңыр таныстырылған. Әрқайсысы өзіндік тарихы мен сәулеттік келбеті, мәдени ерекшелігі арқылы дербес туристік бағыт ретінде сипатталған.
Журналда Алматы Іле Алатауының баурайындағы табиғат пен заманауи урбанистік кеңістікті үйлестірген қарқынды дамып келе жатқан мегаполис ретінде көрсетілген. Редакция кеңестік модернизмнен бастап қазіргі қоғамдық кеңістіктерге дейінгі сәулет эволюциясына назар аударып, қаланың гастрономиялық мәдениеті мен креативті индустриясының дамуын да атап өтеді.
Басылымда Республика алаңы мен Тәуелсіздік монументі, Вознесенский кафедралды соборы, Көктөбе сияқты көрнекті орындар кеңінен таныстырылған. Сонымен қатар испан мүсіншісі Жауме Пленсаның «Надэс» атты мүсіні де назардан тыс қалмаған.

Porschist – 20 жылдан астам тарихы бар, халықаралық аудиториясы қалыптасқан еуропалық баспа журналы әрі онлайн платформа. Әр саны белгілі бір елге арналып, оны сәулет, мәдениет, табиғи ландшафт және өмір салты арқылы таныстырады.