Еуропадағы танымал ақпарат құралының бірінен саналатын EU Reporter басылымы біздің еліміздің мұнайдан түсетін кірісті ұзақ мерзімді ұлттық активтерге айналдыру саясатына талдау жасады.
"Қазақстан мұнайдан түсетін табысын ұлттық байлыққа айналдыру стратегиясын таңдады" деп аталатын мақалада Ұлттық қор мен оны тиімді пайдалануға қатысты атқарушы биліктің ұстанымы жан-жақты сараланған.
Басылымның жазуынша, ұлттық байлықты тек қаржы резервінің көлемімен өлшеу жеткіліксіз. Болашақ ұрпаққа қалған мектеп, аурухана, жол, энергетикалық инфрақұрылым мен адами капитал да ел байлығының маңызды бөлігі.
- Қазақстанның бұл бағыттағы негізгі қаржы тетігі - Ұлттық қор. 2026 жылдың ортасына қарай қордың валюталық активтері 65,5 млрд долларға жеткен. Бұған қоса, 2024 жылдан бері "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы іске асуда. Бағдарлама бойынша қордың инвестициялық кірісінің бір бөлігі қазақстандық балалардың есепшоттарына бөлінеді. 18 жасқа толғаннан кейін бұл қаражатты білім алуға немесе тұрғын үй сатып алуға пайдалануға болады. 2024 жылғы ақпаннан 2026 жылғы тамызға дейін 338 мыңнан астам жасқа шамамен 67,8 млн доллар төленген, - деп жазады EU Reporter.
Басыоым Қазақстанның Ұлттық қор қаражатының бір бөлігін инфрақұрылымға бағыттау жоспарына да назар аударады. 2027 жылы 4 млрд доллардан астам, ал 2028–2029 жылдары жыл сайын шамамен 3 млрд доллардан жұмсау жоспарланған.
Мұндай тәсілдің экономикалық мәні бар. Қаржы жай ғана резервте сақталмай, экономикаға қажетті ұзақ мерзімді активтерге айналады. Жаңа жолдар өңірлер арасындағы байланысты жақсартады, энергетикалық жобалар өндірістің тұрақтылығын арттырады, ал білім мен денсаулық сақтау саласына салынған инвестиция адами капиталдың сапасын көтереді.
Алайда, мұнда басты мәселе Ұлттық қордан қанша қаражат алынатынында емес, оның қаншалықты тиімді жұмсалатынында болмақ. Инфрақұрылымдық жоба экономикалық қайтарым бермесе, мұнай байлығын басқа формадағы шығынға айналдыру қаупі бар. Ал өнімділігі жоғары нысандар салынса, қаржылық капитал нақты экономикалық активке айналады.
Сондықтан Қазақстан үшін стратегиялық міндет мұнайдан түскен табысты жай ғана тұтыну емес, оның есебінен болашақ ұрпаққа табыс әкелетін капитал қалыптастыру. Бұл тұрғыдан алғанда, Ұлттық қордың тиімділігі оның көлемімен ғана емес, Қазақстан экономикасында қалдырған нақты активтерімен өлшенбек.