Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы бір жыл ішінде орта есеппен 7,1%-ға өскен. Шамамен 30%-ға дейін қымбаттаған ең жоғары өсім ет өнімдерінде болып тұр, деп хабарлайды Kznews.kz.
EnergyProm мәліметінше, қазір әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) жаңартылған тізімінде 31 атау бар. Баға өсімі ең қатты сезілген қалалардың көшін Жезқазған бастап тұр — 10,6%. Одан кейін Ақтау (9,8%), Тараз (9%) және Семей (8,9%) келеді. Ірі мегаполистерде өсім салыстырмалы түрде төменірек: Алматыда — 7%, ал Астанада ел бойынша ең аз көрсеткіш тіркелген — 5,2%.
Ет бөліміндегі ең күрт өзгеріс мына өнімдерден байқалған: сиыр еті (сүбесі) +30,7%, қой еті +29,2%, сиыр еті (сүйекті) +28,7%, тартылған ет +26,6%, жылқы еті +17,7%. Бұдан бөлек, сәбіз бағасы +17,2%-ға өскен. Күнбағыс майы +15,8% қымбаттаса, тұз +13,9%-ға көтерілген.
Дегенмен 31 позицияның ішінде баға бар болғаны бес өнімде ғана төмендеген: қияр — 16,5%, қызанақ — 9,7%, картоп — 7%, күріш — 4,9%, пияз — 1,6%.
Айта кетейік, ет бағасының шарықтауына қарамастан, қазақстандықтардың тұтынуы азаймаған: 2025 жылдың үшінші тоқсанында ет өнімдерін тұтыну 3,6%-ға өсіп, бір адамға шаққанда тоқсанына 21,3 келіге жеткен.