Ресейдің бас консулдығы музыканттың қайда отырғаны және оны ұстау жағдайы туралы ақпарат сұратқан.
Ресейлік рэпер Navai Қазақстанда есірткіге қатысты күдікпен қамауға алынғаннан кейін Ресей тарапы Сыртқы істер министрлігіне нота жолдады, деп хабарлайды kznews.kz КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Navai Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында ұсталғаннан кейін бірнеше күн Қордай ауданындағы уақытша ұстау изоляторында болған. Сол жерде өткен сот оны екі айға қамау туралы шешім шығарды. Кейін рэпер Тараздағы тергеу изоляторына ауыстырылды.
“Ресей тарапының ұсталған азаматтары мен олардың қайда екені туралы ақпарат беру жөніндегі нотасы Сыртқы істер министрлігіне түскен. Бұл – консулдық жұмысындағы қалыпты тәжірибе. Министрлік тиісті сұрауды Қазақстанның құқық қорғау органдарына жолдайды”, – деді Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі.
Полиция оның қамаудағы жағдайы туралы қосымша ақпарат берген жоқ.
Оқиғадан кейін рэпердің Астанада және шетелдерде жоспарланған концерттері белгісіз мерзімге шегерілді. Ал Қырғызстанда тыйым салынған заттардың шекара бекеті арқылы қалай өткені тексеріліп жатыр.
Еске салайық, 13 қазанда Қазақстанға кіреберістегі "Қордай" өткізу пунктінде полиция қызметкерлері Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметімен бірлесіп, NAVAI лақап атымен танымал шетелдік азаматтыұстады. Әнші мінген көлікті тексеру кезінде есірткі заты табылып, тәркіленді. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалды.