Ресейлік "Голос. Дети" жобасында екінші орын алған Ержан Максимнің анасы Гүлмира Әлібек шоудың нәтижесі мен Ержанға қандай ұсыныстар түсіп жатқанын айтты.
"Talklike" бағдарламасына берген сұхбатында Гүлмира Әлібек: ""Голос. Дети" байқауының нәтиже жарияланғаннан кейін әттеген-ай деген жеріміз болды. Өйткені Ержан әнді бар күш-жігерімен, даусы кішкене жетпей қалса да, жоғары деңгейде айтып шықты деп ойлаймын",- деді.
Ержан бағдарламаға Алла Пугачева сыйлаған алқамен келген. Мәдениет министрімен кездесуде IPad mini планшетін алғанын айтты. Оның алдында "Голос. Дети" жобасында Samsung планшетін сыйлаған. Евровидение-де Samsung телефонын алыпты. Бірақ Ержан Iphone-ды өзім алдым деп күледі.
Айта кетейік, 26 сәуірде Ресейдің бірінші арнасында "Голос. Дети" шоуының финалы көрсетілді. Дауыс беру қорытындысы бойынша әнші Алсудың қызы Микелла Абрамова жеңіске жетті. Ал қазақстандық әнші Ержан Максим екінші орын иеленді. Бірақ көрермендер финал әділ өтпегенін айтып, шу шығарды.
Көптеген ресейлік әртістер қазақстандық әншіге қолдау білдіріп, оны нағыз жеңімпаз деп білетінін айтты.
sputniknews.kz
"Голос. Дети" жобасы
Жоба барысында Валерий Меладзе Ержан тек қазақша сөйлегендіктен, онымен жұмыс істеу қиындау екенін айтқан болатын. Бірақ қиындау болса да, ол соған тұрарлық талант деп бағалады. Сондықтан Меладзе Ержанмен біраз қазақша сөйлесе бастапты. "Валерий Меладзе Ержанға: "Кел қасыма отыр, айналайын" дейтын. Бағдарлама эфирінде тек "айналайын" дегені ғана естіліп қалыпты. Ол кісінің қазақ тілін қайдан үйренгенін сұрадым. "Маған қазақ тілін Батырхан үйретті",- деп жауап берді",- дейді Гүлмира Әлібек. Тағы оқыңыз: Ержан Максимнің әкесі ұлының шоудан кейін не істейтінін айтты Оның айтуынша, байқау барысында Ержанға көптеген әндер ұсынылған. Алайда Ержан Димаш Құдайбергеннің репертуарындағы әнді орындаймын деп шешіпті. "Бірнеше ән ұсынылды. Біреуінде акцент болса, енді бірі даусына келмейді. Ержан кішкентайынан жоғары диапазонды әндерді жақсы көреді. Ержан Димаштың ізін қуып келе жатқан інісі деп ойлаймын. Өйткені барған жерінде Димашты аузынан тастамайды. Димаштың репертуарындағы әндердің көбі ұнайды. All by Myself пен Adagio әндерін таңдады", - дейді әншінің анасы. Гүлмира Әлібектің айтуынша, "Голос. Дети" ұйымдастырушылары бұл әндердің бала үшін қиын екенін айтқан. Алайда Ержан айтқанынан қайтпай, мамандармен жұмыс істеп, дайындалыпты. "Валерий Меладзе Ержан Adagio-ны айтқанда, даусына зақым келеді деп уайымдайтын. Көзіне жас толатын. Көптеген адамдар Валерий Меладзенің бала үшін мұндай қиын ән таңдауы дұрыс емес деген пікір жазып жатыр. Ол кісінің ешқандай кінәсі жоқ. Ержан осы әнді айта алатынына сенімді болды. Айтып бере алды деп ойлаймын", - дейді ол. Ержан Димаштың әндерін тыңдағанда шабыттанатынын айтады. Димашпен бірге өнер көрсетуді армандайды екен."Славянский базарда екеуіміз бір сахнада өнер көрсеткенбіз. 10-15 баланы іріктеп, өзінің "Бақытты бала" атты байқауына қатыстырды. Мен сол байқауда бас жүлде алдым. Осы жылы байқауға қонақ болып барамын",- дейді Ержан.
Гүлмира Әлібек жүргізушінің "Голос. Дети" байқауында Микелла Абрамованың жеңіске жетуіне қаражаттың көмегі болды ма деген сауалына да жауап берді. "Алсу өте қарапайым, өзі де, қызы да өте жақсы. Ақшам бар деп, шалқайып жүретін кісілер болады ғой. Ондай мінезін байқаған жоқпыз. Бірге отырып, бірге тамақ ішіп, әңгімелесіп жүретінбіз. Ақша жағы көмектесті деп айта алмаймын. Мүмкін халық, шынымен, солай дауыс берген болар",- деді Гүлмира Әлібек.