Алматы облысында 21 жастағы Диананың қазасына байланысты бірқатар сұрақ туындап отыр. Ұзынағаш ауылында бойжеткеннің денесі ерлер әжетханасынан асылып тұрған күйде табылған. Алайда марқұмның жақындары полиция ұсынған суицид нұсқасына күмән келтіріп отыр, деп хабарлайды kznews.kz.
Оқиға 29 маусымда болған. Диананың анасының айтуынша, қайғылы жағдайдың алдында қызының көңіл-күйі жақсы болған. Ол анасын сұлулық салонына апарып, сыйлық жасап, концертке билет алып берген. Сол күні жұмыстан кейін ағасына бармақ болған бойжеткен кейін кенеттен байланысқа шықпай қалған.
Туыстарының сөзінше, марқұмның денесінен бірнеше жарақат пен соққы іздері байқалған. Сонымен қатар оның сөмкесінен 100 мың теңге, мойнынан алтын алқасы жоғалғаны айтылды. Диананың кейбір жеке заттарын жақындары кейін сайдың ішінен тауып, тергеушілерге өткізген.
Бұған қоса, оқиға болған жердің маңынан екі күдікті көлік пен төрт жас жігітті көрген куәгерлер бар екені айтылып отыр.
Қазір полиция аталған факті бойынша «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізуде. Оқиғаның нақты себептері мен Диананың өліміне қатысты барлық мән-жай тергеу барысында анықталуы тиіс.