Журналист Думан Мұхамедкәрімнің жағдайы алаңдатарлық па?
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Ерлан Қарин сүйінші сұрады: Бекет ата мен Шопан ата мешіттері ЮНЕСКО тізімінде

Ерлан Қарин сүйінші сұрады: Бекет ата мен Шопан ата мешіттері ЮНЕСКО тізімінде
Фото: t.me/erlankarin

Қазақстан үшін тарихи әрі айтулы оқиға! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен әрі тікелей қолдауымен Маңғыстаудың киелі жартасты мешіттері ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне ресми түрде енгізілді, деп хабарлайды kznews.kz.

Бұл туралы Корея Республикасының Пусан қаласында өтіп жатқан ЮНЕСКО Дүниежүзілік мұралар комитетінің 48-ші сессиясынан ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин өзінің Telegram-арнасында сүйіншіледі.

«Бұл – Қазақстан тарихындағы айтулы оқиға. Өйткені төл мәдени мұрамыз ЮНЕСКО-ның беделді тізіміне соңғы рет 22 жыл бұрын, яғни 2004 жылы қосылған болатын. Кейінгі жылдары ғана Президенттің бастамасымен бұл бағыттағы жұмыс қайта жанданып, жаңа деңгейге көтерілді», — деп жазды Ерлан Қарин.

22 жылдық үзілісті еңсерген тарихи шешім

Еліміздің тарихи-мәдени нысандары Дүниежүзілік мұралар тізіміне соңғы рет 2003 жылы (Қожа Ахмет Ясауи кесенесі) және 2004 жылы (Таңбалы петроглифтері) енген еді. Арада екі онжылдықтан астам уақыт өткенде Маңғыстау өңіріндегі бігей сәулет ескерткіштері – Бекет ата, Шопан ата, Қараман ата, Шақпақ ата және Сұлтан Үпі жартасты мешіттері халықаралық мәртебеге ие болып отыр.

Бұл жұмыстың негізі 2024 жылы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында қаланған еді. Сол кезде Мемлекет басшысы Маңғыстаудың жартасты мешіттерін ЮНЕСКО тізіміне қосу бойынша ауқымды процесті бастауды тапсырған болатын.

Рухани орталық және отандық туризмге тың серпін

Сессия барысында сөз сөйлеген Ерлан Қарин бұл нысандардың тек діни-құлшылық мекені емес, өз заманында білім мен ағартудың бігей орталықтары болғанын атап өтті. ЮНЕСКО сарапшылары аталған кешендерді көпғасырлық рухани, мәдени және архитектуралық дәстүрлердің озық үлгісі ретінде мойындады.

Бұл тарихи шешім әлем назарын Қазақстанға аударып, өңірдегі өлкетану мен отандық туризмді дамытуға, сондай-ақ заманауи инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға жол ашады.

Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары бұл жетістік үлкен жұмыстың бастамасы ғана екенін хабарлады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, алдағы уақытта ЮНЕСКО-ның халықаралық тізімдеріне енгізілуі тиіс келесі ұлттық номинациялар белгіленді:

Таза ағаштан салынған Жаркент мешіті;

Алматыдағы Вознесенск кафедралды шіркеуі;

Қаратау петроглифтері;

Хәкім Абайдың «Қара сөздері».

Еліміздің бай рухани мұрасын әлемдік деңгейде дәріптеу бағытындағы кешенді жұмыстар алдағы уақытта да қарқынды түрде жалғаса бермек.

Автор
Асқар Алтайұлы

Kznews.kz сайтының Бас редакторы. ҚазҰУ Журналистика факультетінің түлегі. Медиаменеджер. БАҚ саласында 22 жылдық тәжірибесі бар. Кәсіби блогер.