Стамбулда қоқыс жәшігінен бөлшектелген әйел мәйітінің табылуына байланысты қозғалған қылмыс ісі жаңа жайттармен толықты, деп хабарлайды Ulysmedia.
24 қаңтар күні қаланың Шишли ауданынан 37 жастағы Өзбекстан азаматы Дурдона Хакимованың дене бөліктері табылған. Бұл оқиға Түркияда ғана емес, өзбек диаспорасы арасында да үлкен резонанс тудырған еді. Тергеу барысында бұл пәтерде тағы бір әйелдің де өлтірілгені анықталды.
Түркиялық БАҚ прокуратура мен құқық қорғау органдарына сілтеме жасап хабарлауынша, қамауға алынған күдіктілердің бірі жауап беру кезінде Хакимовадан бөлек 32 жастағы Сайёра Эргашалиеваны да өлтіргендерін мойындаған. Екінші жәбірленушінің дене бөліктері де қаланың әртүрлі жерлеріне тасталған. Алдын ала мәліметке сәйкес, екі қылмыс та әйелдер бірге тұрған пәтерде жасалған.
Habertürk басылымының жазуынша, Сайёра Эргашалиева Түркияға өткен жылдың 28 желтоқсанында келген. 23 қаңтардан бастап байланысқа шықпаған. Тергеу кезінде оның соңғы рет дәл сол көпқабатты тұрғын үйге кіргені анықталған.
Бейнебақылау камераларының жазбаларына сәйкес, 23 қаңтар күні Эргашалиева үйге кіргеннен кейін көп ұзамай 31 жастағы Д.А.У.Т. және 29 жастағы Г.А.К. есімді екі Өзбекстан азаматы да сол жерге келген. Тергеу нұсқасына сай, екі әйел мен екі ер адам шамамен бір ай бойы бір пәтерде бірге тұрған. Сондай-ақ Сайёраның күдіктілердің бірімен жақын қарым-қатынаста болғаны айтылуда.
Камера жазбаларында 24 қаңтар күні күдіктілердің үйден бірнеше рет қара түсті қоқыс қаптарын алып шыққаны, кейін ақ түсті чемоданмен ғимараттан кеткені көрінеді. Полиция мәліметінше, олар таксимен Фатих ауданына барып, чемодандағы заттарды қоқыс жәшігіне тастаған. Кейін жаяу Мармарай – Еникапы метро станциясына бет алған.
Күдіктілер Түркиядан Грузияға ұшып кетпек болған сәтте ұсталып, қамауға алынған. Қазіргі уақытта олар кісі өлтіру фактісі бойынша тергеліп жатыр.