Санкт-Петербургте 22 жастағы Артем энергетикалық сусындарды шамадан тыс пайдалану салдарынан өміріне қауіп төндірген ауыр жағдайға тап болды, деп хабарлайды kznews.kz.
112 Telegram-арнасының хабарлауынша, түнгі уақытта компьютерлік ойындарды жиі ойнаған жігіт сергек жүру үшін энергетиктерді қолдана бастаған. Бастапқыда күніне бір банка ішсе, уақыт өте келе мөлшерін арттырып, ашқарынға 3–5 банкаға дейін тұтынған.
Жаз айында Артемнің ішіне қатты ауырсыну түсіп, жүрегі айнып, құсу байқалған. Дәрігерлер оған «панкреатит» диагнозын қойып, ауруханаға жатқызған. Ауруханадан шыққан соң жағдайы қайтадан нашарлап, ұйқыбезінде киста пайда болған.
Үшінші рет емханаға түскенде оның жағдайы күрт ауырлап, дәрігерлер ұйқыбездің іріңді некрозын анықтаған. Сонымен қатар Артемнің аяқтары жансызданған, созылмалы дерттері асқынып, ағзасы уланған, есте сақтау қабілеті бұзылып, анорексия белгілері байқалған. Қазір ол Санкт-Петербургтегі медицина орталықтарының бірінде оңалтудан өтіп, қайта жүруді үйреніп жатыр.
Мамандардың айтуынша, энергетикалық сусындарды мөлшерден тыс тұтыну, әсіресе ашқарынға ішу, ұйқыбезге, жүрекке және қан тамырларына ауыр әсер етіп, қайтымсыз асқынуларға әкелуі мүмкін.