KZNEWS.KZ
Жаңалықтар

"Енді үнсіз қалмаймыз": Алматы облысында қаза тапқан полицейдің қарындасы мәлімдеме жасады

• Қайсар Қанат
Фото: ашық дереккөзден

Аслан Әлсеровтің қазасынан бері төрт ай өткен. Марқұмның қарындасы жақын адамынан айырылудың ауыр екенін айтып, осы уақыт ішінде отбасына қатысты айтылған түрлі пікірлерге жауап бермеуге тырысқанын жеткізді.

Оның сөзінше, туыстары тергеудің аяқталуын күтіп, әділ шешім қабылданатынына сенген.

"4 ай өтті… Ағамнан айырылудың ауыр қайғысын көтеру қандай қиын екенін білсеңіздер ғой…" – деп жазды ол.

Марқұмның қарындасы әлеуметтік желілерде ағасы туралы тараған айыптауларға да тоқталды. Ол отбасының осы уақытқа дейін үнсіз қалуын айтылған пікірлермен келісу деп қабылдамауға шақырды.

"Біздің үнсіздігіміз – ағамызды "әйелін, баласын ұрған" деген сөздермен қаралауға келіскеніміз емес. Біз ешкіммен сөз таластырып, эмоцияға берілгіміз келмеді. Әділдікке сеніп, тергеудің аяқталуын күттік", – деді ол.

Аслан Әлсеровтің қарындасы тергеу аяқталып, алғашқы сот отырысы өткенін хабарлады.

"Міне, тергеу аяқталды. Алғашқы сот отырысы да өтті. Енді біз де үнсіз қалмаймыз. Осы уақытқа дейін ішімізге бүгіп келген үнсіздікті, бар шындықты бөлісетін боламын!" – деп жазды ол.

Қайсар Қанат
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →