Әлеуметтік желілерде Қазақстанда тұруға ықтиярхат (ВНЖ) алу үшін тапсырылатын қазақ тілі емтиханына қатысты әйелдің видеосы тарады. Онда ол күйеуінің тесттен өте алмағанын айтып, емтиханның әлдеқайда күрделі болғанын жеткізеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Оның айтуынша, тапсырмалар бастапқы деңгейге емес, керісінше жоғары деңгейдегі білімді талап етеді. Ол мұндай талаптар елге енді ғана бейімделіп жатқан шетел азаматтары үшін қиындық тудыратынын атап өтті.
«Тесттен құлады. Мен сенімді түрде айтамын: Қазақстанға ықтиярхат алу үшін келген бірде-бір шетелдік бұл тестті тапсыра алмайды. Өйткені бұл бастапқы деңгей емес — бұл жоғары деңгей, адам мектеп пен институтты бітіріп, қазақ тілінің негізгі сөздерін жақсы білуі керек сияқты. Дыбыстық тапсырмалар бір минуттан болды және Қазақстан тарихы, Кеңес Одағы туралы болды. Мұны оқымаған адам қалай жауап береді?» — деді ол.
Видео авторы емтиханның күрделілігіне таңғалып, мұндай тесттер ықтиярхатқа емес, азаматтық алуға арналған талаптарға көбірек ұқсайтынын айтты. Оның пікірінше, кейбір тапсырмалар тіпті ана тілінде сөйлейтіндер үшін де оңай болмауы мүмкін.
Ол бұл жағдайға қатты көңілі қалғанын жасырмады және тест нәтижесі отбасының жағдайына әсер етуі мүмкін екенін жеткізді.
«Бұл — қорқынышты жағдай. Бүгін мен қатты күйзелістемін. Бұл тестті қайта тапсыру мүмкін емес, бәрібір өте алмайсың. Ешбір шетелдік тапсыра алмайды, мен бұған жүз пайыз сенімдімін. Күйеуім өз еліне қайта оралады, біз тағы да бөлек қаламыз. Осындай жағдай жасаған мемлекетке “рахмет”», — деді әйел.
Бұл видео желіде қызу талқылауға себеп болды. Қолданушылар емтиханның күрделілігі мен шетел азаматтарына қойылатын талаптар туралы түрлі пікір білдіруде.